Қытай соңғы елу жылдың ішінде экономикалық жағынан жылдам дамып, зор өзгеріс енгізген ел. Осыған дейінгі тарихына көз жүгіртсек түрлі қиындықты бастан кешті. Психолог және жиһанкез блогер Динара Болат инстаграм-парақшасында Қытай елі жайлы қызықты фактілер ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог Қытайды түсінгіміз келсе тура психологиядағыдай оның өткен жолымен танысу керегін айтты.
"Қытайды зерттей бастағанда алғаш мені шок қылған мәлімет оның 19 мемлекетпен шектесетіндігі болды. Әдетте еске тек Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Үндістан ғана көршісі боп елестейді. Екінші шок қылғаны - құрамында 55 ұлттың, 44 автономиясының болуы. Тура АҚШ секілді құрақ-құрақ. Оның бәрін бір орталықтан басқаруды ойлай беріңіз. Анаған, мынаған қысым көрсетеді деп ренжиміз ғой. Бірақ бұл саясат, бұл елді тырп еткізбей билеу құралы екенін өз қазағымызға өзіміз оқ атқан Қаңтар оқиғасынан кейін түсіне беріңіз. Қазақ, ұйғыр болғаның үшін жек көремін деп ешкім бетіңе түкіріп тұрған жоқ. Бұл жай ғана территория тұтастығын сақтау. Кейде тым қатыгез, иә. Қытай - өзге ғалам. Ол бірегей. Бәрін өзі жасайды. Бәрі өзінен шығады. Әлемге ылғи бірнәрсе дәлелдегісі келеді де тұрады. Біздер секілді комплекске толы достигатор. Неге? Себебі, бұрын көп кемістушілік көрген, намысы тапталған. Шыңғыс ханнан бастап, ағылшын, француздардан да, жапондардан да ойсырап жеңілген. Әсіресе еуропалық алпауыттар қытайларды әділетсіз түрде тізе бүктіріп, Гонконг пен Макаоны, жапондар Тайваньді алып қойған. Содан Қытайдың әлемге өкпесі қара қазандай. Қарқынды даму арқылы әлемге мықты екенін дәлелдеумен әлек", - деп жазды блогер.
Сонымен қатар, Динара Болат біздің елде тараған стереотипті жоққа шығарды.
"Негізгі сұрақ. Қытайға біздің жер керек пе? Қытайға біздің жердің қажеті жоқ-ау. Себебі өзінде біздікіндей бос жер жетеді. Біздің жердің қазба байлықтары да сарқылған. ЛРТ оқиғасынан кейін ерігіп жүрген инвестор болмаса, жемқор билігі бар жерге ақша құюдың да жөнін көрмейді-ау. Біздегі халық саны да өте аз. Демек олар үшін зауыт, фабрика салып, бірнәрсе шығарып, сату да өте тиімсіз. Себебі мен жүрген Чунцин қаласының өзінде 32 млн адам тұрады. Сондықтан адамы аз, мұнайы біткен жер үшін халықаралық аренада абыройын құртып, бізбен жауласпайды. Тауар таратып-ақ бүкіл әлемді өзіне тәуелді етті. Соның өзі оларға жеткілікті. Сол себепті Қытайдан қорқудан, оларды жек көрудің қажеті жоқ-ау. Ал сіздердің оған деген сезімдеріңіз қандай еді?" - деді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!