- Негізгі бет
- LifeStyle
- "40 миллион теңгені...
"40 миллион теңгені 4-5 жылдай өтедім". Қайрат Түнтеков осыдан 10 жыл бұрын түскен жол апатын еске алды
Танымал әнші Қайрат Түнтеков "Qazaq Airan" Youtube-жобасына берген сұхбатында 2012 жылы түскен жол апатынан кейінгі жағдайды еске алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші жол апаты салдарынан белшесінен батқан қарыздардан құтылуына 4-5 жыл кеткенін айтты.
"Жол апатына түскен кезде сот жәбірленушіге 40 миллион теңгенің айналасында өтеуімді міндеттеді. Бұл сол уақытта өте көп ақша еді. Халық шулап кетті, ал журналистер одан қатты көтерілді. Ол кезде "хайп" деген түсінік жоқ еді ғой, хайп болған алғашқы әншінің бірі өзім болдым ғой. Қарыздан құтылу үшін 4-5 жылдай жүрдім. Маған көмектескен өнер адамдарына, ата-анама, жақындарыма алғысым шексіз. Қазір күліп еске аламыз ғой, бірақ сол кезде маған өте ауыр тиді, - деді ол.
Қайрат Түнтеков жол апатынан кейін 40 күндей қамауда отырған. Өнер иесі сол кезеңнің өзі үшін өте ауыр болғанын жасырмады. Сондай-ақ, әншінің сөзінше, қазіргі уақытта өнер адамдарының арасында "қамауда отыру" деген түсінік жеңіл қабылданатын болған.
"Қамау деген сөз өзі жаман естіледі, бірақ қазіргі кезде бұл сөз ойыншық болып қалған секілді. Сол кезде маған қатты ауыр тиген еді, ал қазір көріп отырмыз ғой, өнер адамдарының арасында да түрлі жағдай болып жатыр. Оларға қарайсың да, "ауыр тиеді ме, тимейді ме?" деп ойлап қаласың. Еркекпіз, әр еркектің басынан неше түрлі жағдай өтеді. Дегенмен қазіргі жастарға айтарым, абайлап жүріңіздер, сақ болыңыздар", - деді ол.
Әнші мас күйінде көлік тізгіндегені туралы тараған қауесетке қатысты да пікір білдірді.
"Жол апатына түскен уақытта мені мас болып көлік тізгіндеді деген қауесет тарады. Бірақ, мүмкін мен ішпеген шығармын? Көрдіңіздер ме, өсек деген өте ауыр дүние. Мүмкін шынымен ішімдік ұрттаған шығармын, мүмкін сау болып, көктайғақта жолды көрмей қалған шығармын, бұл туралы менен басқа ешкім білмейді", - деді әнші.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қандай тауарларды дүкенге қайтаруға болмайды?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә