3I/ATLAS “жатжерлік кемесінің” жаңа суреті астрономдарды таңғалдырды

АҚШ-тың NASA агенттігі жұлдызаралық 3I/ATLAS нысанының жаңа суретін жариялады. Бұл туралы All Day Astronomy жобасының зерттеушілері X әлеуметтік желісінде хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алғаш қарағанда бұл сурет үйреншікті, кәдімгі кадр секілді көрінеді. Бірақ бір сәтте бәрі өзгереді. Әу баста көмескі жұлдызаралық "қонақ" сияқты әсер қалдырған нысан кенеттен Күнге қарай бағытталған, ұйымдасқан құрылымға ұқсайтынын аңғартады. Бұл көп жылдан бері қолданылып келе жатқан комета модельдеріне негіз болған болжамдарға қайшы келеді", – деді астрономдар.

NASA

 "Ресми сурет жауаптан гөрі сұрақты көбірек тудырса, мұқият талдау қажет", – делінген жазбада.

3I/ATLAS – ғарыштың тереңінен Күн жүйемізге ұшып келген жұлдызаралық комета. Нысан алғаш рет 2025 жылғы 1 шілдеде байқалған. Ғалымдар оны "жұлдызаралық" деп атайды, өйткені ол Күнмен гравитациялық тұрғыда байланыспаған: оның орбитасы гипербола пішінде, ал Күнді айналып өткеннен кейін ол Күн жүйесін біржола тастап кетеді.

3I/ATLAS – астрономдар анықтаған үшінші жұлдызаралық нысан. Бұған дейін 2017 жылы Оумуамуа астероиды және 2019 жылы 2I/Borisov кометасы табылған.

Ғалымдардың басым бөлігі бұл – жұлдызаралық комета деген пікірге бейім. Алайда Гарвард университетінің астрофизигі Ави Леб нысанның жасанды шығу тегі болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармайды әрі нысанның жасанды сипатты белгілер көрсететінін алға тартып, бұл алып "ғаламшардан тыс кеме" болуы ықтимал деп санайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!