Автоүймен жиі саяхаттайтын Дәулет Мурсал Ақтөбеден Түркияға 5 күнде автоүймен жеткен. Әлеуметтік желіде Еrkin qazaq атымен танылған саяхатшымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"3000 км жол жүрдік"
Дәулет Мурсал саяхатқа әйелі Карина екеуі бірге шыққан.
"Хромтаудан 11 қарашада шықтық. Түркияның Трабзон қаласына 5 күнде, 15 қараша кешкісін жеттік. Негізі төрт күнде жетуге болушы еді. Бірақ біз Грузияда бір күн дөңгелек ауыстыруға аялдадық. Түркияға жолымыз Хромтаудан Оралға, одан Саратовқа, Саратовтан Волгоград, Калмакия арқылы Владикавказға жеттік. Одан әрі қарай Грузия шекарасына өтіп, Батуми қаласынан Түркияға табан тіредік", - деді ол.
Олар шамамен күніне 700 км жүріп отырған.
"Осы уақытқа дейін Трабзонға жеткенше 3000 км жол жүріп өттік. Жол бағытын таңдағанда біз Владикавказға дейін қалай жетеміз деп ойладық. Себебі Қазақстаннан бірнеше жол бар екен. Ең танымалы - Атырау Астрахань арқылы жету. Бірақ онда Ганюшкиннің қасындағы жол жөнделіп жатқанын білдік, әрі жолы нашар екенін естідік. Сондықтан біз Оралмен Саратовқа шығып кетуді жөн көрдік", - деді Дәулет.
"Қазақстанда байланыс нашар болды"
Дәулеттің айтуынша, Қазақстанда байланыс нашар болған.
"Жолда Қазақстанда телефон байланысы нашар болды. Кішігірім қаладан шықсақ, байланыс бірден үзіледі. Біз Ресейдің Волгоград қаласында байланысқа тұрып алғанбыз. Жол бойы Ресейде байланыс өте жақсы болды. Тіпті, айдалада жүрсек те байланыс үзілмеді. Грузияда тек wi-fi бар жерлерде ғана қосыла алдық. Ал Түркияда E-sim қосымшасы арқылы электронды интернет сатып алдық. Бағасы 21 доллар болды", - деді ол.
Олар Түркияда екі аптадай болатынын айтты.
"Ары-бері жол 6000 км болса, Түркия бойынша 4000 км жүруді жоспарлап жатырмыз. Қазір бізде 23 күн демалыс берілген. Соның бес күні жолға кетті. Тағы бес күні қайтар жолға деп есептесек, Түркияда екі аптадай болатын шығармыз деп отырмыз", - деді Дәулет.
"Жанармайды тегін берді"
Олар саяхат кезінде қазақстандық компания жанармаймен қамтамасыз еткенін айтты.
"Бізде жалпы саяхат кезінде қаражат жанармайға кетеді. Қазақстандағы Qazaq Oil компаниясы шекараға дейін бізді жанармаймен қамтамасыз етті. Әрі қарай Ресейде, Грузияда газбен жүрдік. Ал тамақты автоүйімізде дайындап, іштік және осында ұйықтадық", - деді Дәулет.
Дәулет алдағы баратын елдерімен бөлісті.
"Түркиядан кейін қайтадан жұмыс істеп, ақша табу керек. Келесі жылы басқа елдерге бару жоспарда бар. Оның ішінде Ресейдің Кавказын, Солтүстік Мұзды мұхитқа, Байкалға, Қырғызстанға барғымыз келеді", - деді ол.
"Әзірше балалы болуды жоспарламадық"
Олардың отбасы құрғанына биыл үш жыл толған.
"Екеуміз Көкшетау облыстық ауруханасында таныстық. Карина ота бөлімінде болғанда, мен интерн болып бардым. Сосын желтоқсанда ұжымдық мерекелік кеште Каринамен сөйлесіп бастадық. Бес ай кездестік. Интернатурамның бітетін уақыты келді, әрі Каринаның туған күні жақындады. Ішімнен "егер қазір сөз салмасам, осы қыздан айырылып қаламын" деген ой болды. Сөйтіп, туған күнінде ұсыныс жасадым", - деді Дәулет.
Дәулеттің айтуынша, жары екеуі әзірге балалы болуды жоспарламаған.
"Туысқандар бұл туралы бізден жиі сұрайды. Екеуміздің ортақ шешіміз бойынша отбасының алғашқы жылдарында балалы болмаймыз деп шешім қабылдадық. "Аш бала тоқ баламен ойнамайды" дейді ғой. Балалы отбасылар мен баласыз отбасылар бұл ретте бір мәмілеге келе алмайды. Әркім өз шешімін дұрыс көреді. Сол үшін таласып керегі жоқ. Болашақта баламыздың болғанын қалаймыз", - деді ол.
"Үш жылда 3 қалада тұрдық"
Олар Қазақстаннан бөлек 3 мемлекетте болған.
"Біз осы уақытқа дейін Ресей, Өзбекстан, Грузия мемлекеттерінде болдық. Негізі кем дегенде жылына екі мемлекетті аралап шықсақ деген ой бар. Көбісі саяхаттауға ақшаны қайдан аласың деп сұрап жатады. Саяхаттау көп ақшаны қажет етпейді. Автоүйде тамақтанып, ұйықтаймыз. Кейде сырттан ішеміз. Хостелге де сирек қонамыз. Мәселен, Өзбекстанда тек бір рет палау жедік. Қалғанын өзіміз дайындадық. Жалпы бізде айлықтың 10 пайызын саяхатқа салу деген ереже бар. Сосын жиналған ақшаға саяхаттаймыз", - деді Дәулет.
Дәулеттің айтуынша, отбасы болған үш жыл ішінде түрлі қалада тұрып келеді.
"Алғашқы жарты жыл Солтүстік Қазақстан облысы Тайыншада тұрдық. Бір жыл Ақмола облысы Степногорскіде, бір ай Петропавлда болдық. Ал қазір Ақтөбе облысы Хромтау қаласындамыз. Мұнда тұрып жатқанымызға 1,5 жылдан асты", - деді ол.
"Екеуміз де ет жемейміз"
Дәулеттің негізгі мамандығы - хирург, ал жары Карина медбике болып жұмыс істейді.
"Біз басқа қалаға көшетін кезде enbek.kz сайтынан жұмыстарды қараймыз. Бізге ыңғайлы болса, көшіп келеміз. Таңдағанда бес күндік жұмыс күні, жақсы жалақы, пәтер берілуі керек деген сияқты өзіндік талаптарымыз бар", - деді ол.
Дәрігерлер отбасы денсаулықтарына байланысты еттен бас тартқан.
"Екеуміз де ет жемейміз. Менің ет жемегеніме биыл 6 жылдан асты, ал Карина тұрмысқа шыққалы жемейді. Басында отбасым, әке-шешем қарсы болды. Себебі алғашқы жылы 65 кг-нан 50 кг-ға арықтап кеткен едім. Содан кейін үйренді. Қазір інім де ет жемейді. Жалпы еттен денсаулығымды ойлап, бас тарттым. Ал анау айтқандай, жануарларды аяу, табиғатты сақтап қалғым келеді деген себептер менде жоқ", - деді Дәулет.
"Ауыр саяхат болды"
Дәулет саяхаттағы қызықтарымен бөлісті.
"Өзім тәуекелшіл адаммын, тауға шыққым келсе, ештеңесіне қарамай шыға беремін. Бірде Бурабайда 10 сағат, Қарқаралыда 12 сағат адасқанымыз есімнен кетпейді. Осындайда Каринаның шыдағанына рахмет айтамын. Ал Маңғыстаудағы саяхатымызда ыстықтан мазамыз кетіп, шаршадық. Бұл біз үшін ауыр саяхат болды", - деді ол.
Оның айтуынша, блогтан қазір ешқандай табыс түспейді.
"Блогтан табыс таппаймын. Болашақта еске алатын естелігіміз болуы үшін жүргіземіз. Осылардың ішінде Өзбекстан саяхаты қатты ұнады. Ал Грузияда табиғат атмоферасы жетіспей қалды. Көбіне қалаларды араладық. Маңғыстау ерекше әлем сияқты. Оған бөлек екі аптаға келу керек. Біз тек теңіз бен Бозжыраға бардық. Сондай-ақ, ШҚО, Түркістан облысын, Ұлытау облыстарын араламадық. Басқа еліміздің көп бөлігінде болдық", - деді ол.
Дәулет автоүймен саяхаттау бұрыннан бергі арманы екенін атап өтті.
"Бұдан екі жарым жыл бұрын саяхаттау видеоларын қарап отырғанмын. Олардың автоүймен саяхаттағанын көріп қызықтым да, "біз де болашақта солай саяхаттаймыз" деген ой келді. Сөйтіп, жақында хабарландырудан Volkswagen Caravelle GL 1986 жылғы көлікті көрдім. Құны - 1 700 000 теңге екен. Барып қарадым, қатты ұнады. Көліктің иесі Астанада тұратын түрік жігітінен сатып алдық. Бұған дейін саяхатты 2019 жылы бастадым. Ол кезде автобус, пойызбен жүрдік. Кейін жеңіл көліктермен саяхаттадық. Бұл біз үшін жаңа деңгей болды", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Швейцария отшашумен күтіп алды". Қызы анасына Еуропа сапары арқылы ерекше тосынсый жасағаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бала қанша айында өзі отыруы керек?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!