2026 жылы жұмыссыздар мемлекеттен әлеуметтік төлемді қалай ала алады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыздар бойынша мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қанша адам жұмыссыз?

2025 жылдың қорытындысы бойынша жұмысынан айырылған 354,2 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алған. Әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы - 130,4 млрд теңге.

Жұмыссыздар мемлекеттен қалай әлеуметтік төлем ала алады?

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және кейінгі 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем ала алады. Ол бұған дейінгі кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен төленеді.

Ол үшін:

  • eGov.kz порталында тіркелу;
  • "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
  • онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінішті жіберу қажет;
  • бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимде электрон еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз