Әр бала ерекше, алайда барлық баланың дамуы ортақ кезеңдерден өтеді. 2-3 жастағы балада қандай өзгерістер болады? Бұл жастағы балалар не істей алуы керек және баланы мамандарға көрсету керегін қалай түсінуге болады? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне логопед Шәйкенова Назгүл Серікқызы жауап берді.
Маман баланың онтогенезі бойынша дамуына, яғни осы уақыт аралығындағы баланың жүйке-психикалық даму көрсеткіштеріне оның сөздерді түсінуі, сөйлеуі, сенсорикалық дамуы, заттармен іс-әрекеті, ойнауы, қимылы және дағдылары жататынын айтты.
Логопед Шәйкенова Назгүл бала дамуын төмендегі көрсеткіштер бойынша бақылауды ұсынды:
Сөздерді түсінуі
2-3 жастағы бала көп сөздерді түсінеді. Ересек адамның айтқан сөздерін жақсы түсіне бастайды. Жалпы сөзді түсінуде заттардың қандай да бір ерекшелігін ажыратады, суреттер бойынша қарапайым әңгімені айтқан кезде түсінеді, ересектің сұрақтарына жауап береді. Яғни балада жалпы түсінігі толыққанды қалыптасып келе жатыр.
Сөйлеуі
Бала 1 жасында 6-7 шақты жеке сөздер айта бастайды, 1,5 жасында сөздік қорындағы сөздер көбейеді: зат есімнен бастап етістік, сын есімдерге дейін. 2 жасқа қарай баланың сөз тіркестері дами бастайды. Бұл кезде әдетте екі сөзді қосып сөйлейді. 3 жасқа қарай 3-4 сөздерден қарапайым және күрделі сөйлемдерді құрай алуы керек.
Сенсорикалық дамуы
Бала қандай да пішіндерді, заттарды бағдарлай алады. Мысалы, дөңгелектің дөңгелек екенін, төртбұрышты және үшбұрышты пішіндер бойынша ажыратады. 3-4 текше беріп, ересек адам қалай қою керегін көрсетсе, дәл солай текшелерді үсті-үстіне қойып жинап бере алады.
Ойнауы
Ойын ойнау барысында ол қандай да бір іс-әрекеттерді жасайды, мысалы, қуыршаққа тамақ беріп отырады. Яғни, балада сюжеттік-рөлдік ойындар ойнау қалыптасып жатыр. Мысалы, ұл балалар құрылыс, бөгеу, қақпа, үй жасау секілді қарапайым сюжеттік ойындар ойнайды.
Қимылы
Бала бұл уақытта еркін жүреді. Көп отыра бермейді, ұзақ жүреді. Сондай-ақ, тізерлеп отырады, еңкейеді, бұрылады, жылжиды. Жерде кедергілер жатса, одан аттап өтеді.
Дағдысы
Дағдыларына келетін бослақ, өз бетімен қасықты ұстап тамақты жей бастайды. Кесены қолмен ұстап, одан шай мен су іше алады және оны үстел үстіне қоя алады. Бала 1,5-2 жасқа қарай жартылай киініп шешінеді, яғни оған бұл кезде ересектің көмегі керек. Ал 3 жасқа қарай ол өз бетімен киімін, бас киімін, аяқ киімін шешіп және кие алады.
"Сол үшін ата-аналар онтогенез бойынша баланың дамуын білуі қажет. Егер баланың дамуында қандай да бір бұзылыстар болса, ең алдымен педиатрға, содан соң қажет жағдайда невропатолог және логопед-дефектолог мамандарына көрсету қажет", - деп кеңес берді Шәйкенова Назгүл.
Бұл жастағы баланың дамуына қалай көмектесе аласыз?
Бірнеше пайдалы кеңес:
Оқи отырыңыз: Баланың есте сақтауын қалай жақсартамыз? Логопед бірнеше тиімді жаттығу ұсынды