12 жасынан темекі шеккен әйел екі рет қатерлі ісікке шалдықты

Ұлыбританиялық Венди Робинсон ұзақ жылдар бойы темекі шеккеннен кейін екі рет қатерлі ісікке шалдыққан. 54 жастағы Венди мен оның қызы Эмидің оқиғасын Mirror басылымы жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Робинсонның айтуынша, ол 12 жасынан бастап темекі тартқан. Кей жылдары күніне 40 тал темекіге дейін шеккен кезі болған. Ол бұл зиян әдеттен темекіге салынған анасының ауыр аурудан қалай қиналғанын көрген соң ғана бас тартқан.

"Жансақтау бөліміне келген сайын анамның "дем ала алмай жатырмын" дегенін естіп, жүрегім езіліп кететін. Қызымның да мені дәл сондай халде көргенін қаламадым. Сол ой мені тоқтатты", – дейді ол.

Алайда зиян әдеттен бас тартқаннан кейін жеті жыл өткен соң Робинсоннан бүйрек қатерлі ісігі, кейін өкпе обыры анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, бұған темекі себеп болған. Бірақ сол кезде әйел темекіні әлдеқашан тастағандықтан, өкпесі белгілі бір деңгейде қалпына келіп, өміріне аса қажет ота жасатуға мүмкіндік туған.

Анасының денсаулығына алаңдаған қызы Эми де темекіден бас тартқан. Бірнеше айдан соң ол жүкті болған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!