Жазда тағамнан уланып қалмас үшін не істеу керек? Терапевт негізгі сұрақтарға жауап берді

Тағамнан улану - бұзылған тамақты жеген кезде пайда болатын ауру. Барлық адам бірдей өмірінде бір рет болсын тағамнан уланған болар?! Бұл ауру әсіресе жазда жиілеп кетеді. Тағамнан уланудың белгілері қандай және бұл кезде не істеу керек? Тағамнан уланудың алдын алуға бола ма? ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақботамен сөйлесе отырып, негізгі сұрақтардың жауабын алдық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тағамнан уланудың белгілері

Ауру қарқынды дамиды. Уланудың алғашқы белгілері сапасыз тамақты жегеннен кейін 40-60 минуттан соң пайда болады. Көп жағдайда ересектер сапасыз тамақтан уланудың салдарын оңай жеңеді. Әдетте жағымсыз белгілер бірнеше күннен кейін кетеді және асқынуларға әкелмейді. Алайда қарт кісілер, балалар, иммунитеті әлсіз адамдарда бұл ауру ауыр салдарларға, тіпті кейде өлімге әкелуі мүмкін.

Уланудың клиникалық сипаты микроағзалардың немесе уытты заттардың түріне қарай әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ барлық улануға мына белгілер тән:

  • хал-жағдайдың нашарлауы, әлсіздік, шаршау;
  • іштің ауыруы және түйілуі;
  • жүрек айну және құсу;
  • іш өту;
  • артериялық қысымның түсуі;
  • ағзаның сусыздануы (ауыздың құрғап кетуі, терінің бозаруы, құрғауы).

Кей жағдайларда температура көтерілуі, бас айналуы, бұлшықеттер мен буындар ауыруы мүмкін.

Тағамнан уланғанда не істеу керек?

Тағамнан улану кезіндегі басты мақсат - ағзадан улап жатқан затты шығару. Сондықтан дәрігер өзіне уытты сіңіріп алып, нәжіспен бірге шығаратын дәрілік препараттар - сорбенттер жазып беруі мүмкін. Сондай-ақ ауруханада асқазанды тазалайтын процедура жасауы мүмкін. Сусыздану мен су-электролитті тепе-теңдіктің бұзылуын су, регидратациялық препараттар ішу керек. 

Тағамнан улану белгілерін азайтуға диета көмектеседі. Асқазан-ішек жолына түсетін жүктемені азайту үшін алғашқы күндері қуырылған, ащы, майлы тағамдарды, тұзы және қанты көп өнімдерді, газдалған сусындар, нан, кофе, жаңа піскен жемістер мен көкөністерді жеуге болмайды.

Уланудан соң ағза қалыпқа келуі үшін тауық сорпасы, көкөністер сорпасы, майсыз еттен буға піскен котлет, тефтели, балық жеуге болады. Іш өту мен құсуды азайту үшін суға піскен күріш және басқа да ботқалар көмектеседі. 

Тағамнан уланған кезде қандай дәрігерге көріну керек?

Тағамнан уланған кезде терапевт немесе педиатрға қаралу керек. Қажет болса, дәрігер науқасты инфекциониске жібереді. Әдетте, дәрігер науқастың шағымын тыңдай отырып, диагноз қояды. Дәрігер одан күні бойына қандай тамақ жегенін сұрауы мүмкін. сондай-ақ басқа ауруларды жоққа шығару үшін дәрігер анализдер тапсыруы мүмкін.

Қатты уланған жағдайда және адамның жағдайы өте нашар болса, оны ауруғханаға жатқызып, лабораториялық зерттеулер жүргізеді.

Тағамнан улану кезіндегі алғашқы көмек

Тағамнан уланудың ауыр жағдайларында бірден жедел жәрдем шақыру керек. 

Мына белгілерді байқасаңыз, жедел жәрдем шақырыңыз:

  1. бала 30 минут бойы, ал ересек 1 сағат бойы тоқтамай құсуы немесе іш өтуі;
  2. тырыспа;
  3. сананың адасуы, көрудің нашарлауы, естен тану;
  4. 38–38,5 °C-қа дейін температураның көтерілуі;
  5. қан аралас құсу немесе нәжісте қанның болуы;

Мұндай жағдайда жедел жәрдем келгенше науқас өз бетінше дәрі ішпеуі керек. Науқастың тек жылы су ішкені дұрыс.

Тағамнан улану несімен қауіпті?

Тағамнан уланудың жиі кездесетін асқынуы - сусыздану. Ағза іш өткенде және құсқанда көп сұйықтық, сонымен бірге электролиттерді жоғалтады. Су мен электролиттердің жетіспеушілігі зат алмасудың бұзылуына, ауыр жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. 

Сусызданудың алғашқы белгілері:

  • шөлдеу;
  • ауыз және мұрын шырышты қабықшаларының құрғақтығы;
  • дауыстың қырылдауы;
  • еріннің және саусақ ұштарының көгеріп кетуі.

Сондай-ақ улану кезінде мынадай асқынулар болуы мүмкін:

  1. Дисбиоз және тітіркенген ішек синдромы - ішек микрофлорасы құрамының, мөлшерінің және ара-қатынасының бұзылуы. Бұл кезде адамның іші ауыруы мүмкін, іш өту немесе іш қатумен қиналуы мүмкін, тамақтан соң ауырлық сезінуі мүмкін;
  2. Сепсис және жұқпалы-уытты шок - әлсіз иммунитет фонында дамитын, өлімге әкелуі мүмкін қауіпті жағдай. Патогенді микроағзалар және уытты өнімдер қанға түсіп, оны зақымдайды.
  3. Гиповолемия - жасушадан тыс сұйықтық көлемінің азаюы. Бұл ағза сусызданған кезде натрийді көп жоғалтқанда туындайтын жағдай. Гиповолемия кезінде артериялық қысым түседі, тахикардия дамиды.

Тағамнан уланудың алдын алуға бола ма?

Тағамнан уланудан толықтай қорғану мүмкін емес, бірақ оның пайда болу қаупін азайтуға болады. Ол үшін азық-үлікті сатып алу кезінде бірнеше ережені сақтау керек:

  • Ыдыстарды, жемістерді және көкөністерді жақсылап жуыңыз;
  • Шикі және дайын өнімдерге әртүрлі тақтай қолданыңыз;
  • Азық-түлікті тауардың сақталуы қадағаланатын жерлерден ғана алуға тырысыңыз;
  • Кез келген өнімді сатып аларда міндетті түрде жарамдылық мерзімін тексеріңіз;
  • Азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңыз;
  • Дайын тағамдарды және ашылған консервілерді тоңазытқышта үш күннен артық сақтамаңыз. Кей өнімдердің аузын ашқаннан кейін бір тәуліктен артық сақтауға болмайды;
  • Етті, балықты және саңырауқұлақты жақсылап қуырыңыз, бұқтырып пісіріңіз немесе қайнатыңыз.
  • Қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
  • Консервілерді тамаққа қолданар алдында жақсылап тексеріп алыңыз. Егер қақпағы көтеріліп тұрса, іші аздап көгерген болса, оны тамаққа қоданбаңыз;
  • Тамақ ішерде қолыңызды жақсылап жууды ұмытпаңыз.

pixabay.com

Ыстықта әсіресе қандай өнімдер қауіпті?

Ыстықта әсіресе ет, құс, теңіз өнімдері, сүтті өнімдер, жұмыртқа, жартылай фабрикат, кей  жаңа піскен жемістер мен көкөністер қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ жұмсақ ірімшіктер, тұздықпен араластырылған дайын салаттардан абай болу керек. Жазда әсіресе майонез қосылған салат сатып алмаған жөн. Қарбыз бен қауынды жеу кезінде де сақ болу керек.

Неліктен жазда тағамнан улану жиілеп кетеді?

Жазда тағамнан уланған жағдайлар жиілеп кетеді. Оның бірнеше себебі бар. 

Далада күн ысып кетеді. Ауру тудырғыш микробтар болса, жылуды және тәтті өнімдерді жақсы көреді. 

Қыста бірнеше күн сақталатын тағамдар жазда бірнеше сағатта бұзылып кетеді. Бірақ проблема тек азық-түлікте емес, асқазан-ішек жолы проблемасы бар адамдардың инфекцияны жұқтырып алу қаупі жоғары.

Уланудың бірнеше түрі бар. Бірінші, ең кең тарағаны - жедел ішек инфекциясы. Дәрігерлер оны "лас қол" ауруы деп те атайды. Бұл аурудың негізгі себебі - гигиеналық ережелерді сақтамау. Әр тамақ ішер алдында қолыңызды жақсылап жуыңыз. Даладан жеміс сатып алып, оны жумай жемеңіз. Сатушының қолынан салаттар, жемістер жемеңіз. Сондай-ақ сапасыз тамақты жеу және суды ішу де улануға әкеледі. Сондықтан мысалы, басқа елге қыдырып барсаңыз, бөтелкедегі суды ғана ішкен абзал. Жылдам бүлінетін тағамдарды тек тоңазытқышта сақтаңыз. 

Жазда уланудың тағы бір себебі - нитраттары көп жемістер мен көкөністер жеу. Жазда әсіресе қарбыз бен қауынды жегеннен кейін кей адамдардың хал-жағдайы нашарлайды. Жемістер мен көкөністерді жақсылап жуып жеңіз. Олардың қабығындағы нитраттардан арылу үшін жемістер мен көкөністерді ас содасы немесе тұз салынған суға салып қоюға болады.

Тағы бір ауыр уланудың бір түрі - ботулизм. Оны басқа аурулармен шатастырып алу оңай. Ботулизм қоздырғыштары шұжық өнімдерінде және үй консервілерінде болады. 

Еске салайық, бұған дейін СҚО-да бір отбасы уланып, балалар қайтыс болған болатын. Кейін бұл отбасының нитриттерден, яғни азот қышқылының тұздарынан уланғаны белгілі болды. Нитриттер тағамға ет өнімдерімен бірге түседі. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!