ҰБТ-дан ең жоғары ұпай жинаған Еңсебек Жаннұрдың мұғалімі 140 балл алудың құпиясын айтты

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары ұпай жинаған Еңсебек Жаннұрдың мұғалімдері Айберген Бадиге берген сұхбатында 140 балл жинаудың құпиясын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан тарихы мұғалімі - Өмірзақов Саян ҰБТ-дан жоғары балл жинайтын оқушылардың қасиеттерін атап өтті.

"Жаннұрға "Қазақстан тарихы" пәнінен сабақ бердім. Жаннұр 10 ай бойы еңбектенді. 6-7 жыл тәжірибемде алдыма неше түрлі оқушылар келді. Оның ішінде әртүрлі қасиетті оқушылар болады. Ең бастыларына тоқталып өтейін. Ең бірінші, басымдықты қоя білетін оқушылар. "Дәл қазіргі күні маған маңызды нәрсе не" деген сұраққа жауап бере алады. Мысалы, дәл қазір оған ҰБТ маңызды ма әлде тиктокқа кіру маңызды ма? Әлде спортқа көңіл бөлу маңызды ма? Солардың ішінен саралап, таңдап, маңыздысын бірінші орынға қою және оған көп көңіл бөлу керек. Жаннұрда осы қасиет бар. Оны сабақта да көрдік. Үйіне барғанда туыстары да "қай кезде келсек те сабақ оқып отырады" дейді.

Одан кейін сенімділік. Біреулерде сенімділігі төмен немесе тым жоғары болуы мүмкін. Ал Жаннұрда сенімділік қалыпты болды", - дейді Саян ағай.

Қазақстан тарихы кураторы - Қарақат апай Жаннұрдың бойында бар үш негізгі қасиетті айтты.

"Жаннұрдағы жақсы қасиет - қатемен жұмыс. Ол тесттен шыққаннан кейін өзінің нақты білмейтін сұрақтарын ашық айта алады. Екіншісі - әлеуметтік желілерден бас тарта алды. Фокусты бөлетін нәрселерден алшақтады. Үшіншісі - ол өзімен жарысады. Ол екінші ҰБТ-ға баратын кезде "апай, мен басқалардың балын көргім келмейді" деген. Ол өзін басқалармен салыстырмайды", - дейді Қарақат апай. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз