"Әйелің жынды болып қалған ба?" Танымал блогер жолдасы оның образына қалай қарайтынын айтты

Әзіл-сықақ видеоларымен танымал блогер Мөлдір Анарбаева "Әсем бике" бағдарламасында жолдасы жайлы сөз қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер өзіне назар аударту үшін видеоларында айқайлап сөйлейтінін айтты.

"Екеуміз де журналистикада оқыдық. Облыс телевизиясында жұмыс жасадым. Руслан (күйеуі) екеуміз бірге жұмыс жасадық, түрлі образды сомдап, кино түсірдік. Ол шошымайды, ол менің жұмысыма дұрыс қарайды. Ол менің шынайы өмірде қандай екенімді біледі. Мені образым - өзіме назар аудартудың тәсілі. Өмірде ондай әйелдер, аналар бар. Менің образым да сондай: үйде отырған, ашық, арсалаңдаған қазақ әйелі. Майысып отырып айтсаң, ешкімге өтпейді. Сәл айқайлап, эмоция қосқан кезде өтеді. Біз жалпы біртүрлі, ерекше адамдарды жақсы көреміз", - деді ол.

Блогер жолдасы оған қолдау көрсететінін айтты.

"Бірақ оған да қиын болды. Оған "әйелің жынды болып қалған ба?" деген секілді пікірлер айтылды. Басында осылай видео түсіріп, ол қатты таралып кетіп, бір күнде 40 мың адам қосылған кезде "қай жаққа бара жатырғаныңды білесің ғой" деді. Мен "білемін", "ал саған қалай болады" дедім. "Мен де білемін, талай нәрсе айтылады, сен өзің дайын болсаң, мен де дайынмын" деді", - дейді блогер.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз