"Істі сотқа дейін жеткіздік": Дана Нұржігіт екінші некесі туралы бар шындықты айтты

"Істі сотқа дейін жеткіздік": Дана Нұржігіт екінші некесі туралы бар шындықты айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Танымал журналист, тележүргізуші Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде жеке өміріне қатысты өз оқиғасын толық баяндап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналист кейінгі кезде қоғамда жиі болып жатқан оқиғаларға қатысты қыз-келіншектерге маңызды кеңестер берді. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды білікті маман кеңесіне жүгінуге шақырды. Дана Нұржігіттің пікірінше, зорлық-зомбылыққа адам құқығы мәселесі, оны шектеу, жеке басты сыйламау, адамның құқықтық санасы жатады. 

"Түсінемін әрине, қымбатты оқырмандарым, менің бүгін салған постым төбеңіздей жай түсіргендей болар. Бірақ сыртың бүтін, ішің түтін болып жүрген кезде көп нәрсені білдірмеуге тура келеді. Бірақ бұл менің ғана басымдағы проблема емес, айтылатын кезі келді. Бұл оқиға, мен алған сабақ, мен көрген сынақ, мен мұны қалай шештім, қалай күрестім мүмкін? Біреуге бұл мәлімет керек болатын шығар. Бұл - күйіп тұрған мәселе, зорлық-зомбылық мәселесі. Бірақ бірден айту керек, зорлық-зомбылықтың көптеген түрі болады. Міндетті түрде жұдырық ала жүгіру, бас жарып, көз шығару емес. Бұл психологиялық қысым да болуы мүмкін. Адами болмысын мансұқ ету, түкке тұрмайтындай етіп бетіне басу - соның бәрі, біреудің оған еті үйренген шығар, бірақ менің жағдайымда бұған жол бере алмадым. ... Екі адам отбасы болып, бір үйде тұрып жатқан кезде адамның өзінің шекарасы болады. Сол шекараны ешқашан аттауға болмайды. Ол - сенің жеке күнделіктерің, телефондарың, сақтап жүрген мағұлматтарың. Оған ешкімнің қол сұғуға, оқуға (құқығы жоқ - еск.), өзімдікі деп иемдену дұрыс емес. Бұл жерде зорлық-зомбылықтың жұдырық ала жүгіру деген түрі емес және екі адамның тоғыспаған жерінде ажырасу мәдениетінің өзінде түсіністік таныту, келісімге келе білу, мәдени түрде екі жаққа кету деген нәрсені ескеру керек деп ойлаймын. Бірден айтайын, он айға созыған тергеу-тексеру, сот ісі, жеті сот отырысы, былтырғы жазда басталған бұл оқиға, соттың өзі көп нәрсені үйретті, көп нәрсеге көзімді ашты. Парламентте қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көрдім", - деді ол.

Дана Нұржігіт ішінара сталкингке ұшырағанын айтты.

"...Сталкинг деген - адамның ізінен қалмау , жолын торуылдау. Сондай нәрселер сталкинг деген термин ретінде заңға енгізілмей қалды. Киберсталкинг - әлеуметтік желіде адамды бақылап отыру, өзінің пайдасына шешетіндей мәлімет жинау. Бірақ сол сталкингтің шет жағасын өзім көріп қалдым. Сондықтан бұл өте маңызды нәрсе деп есептеймін. Бүгінгі эфирімде өсек айтқандай тәптіштеп тарқатып жатпаймын. Ажырасу процесінде әдетте екі жаққа кеткен тарап мүлік бөлісу деген процестен өтеді. Біз сол процестен өтуге келгенде, соған дейін сталкингке ұшырадым. Содан өмірімде бірінші рет учаскелік полицияға арыз беруге келгенмін. Ол былтырғы жылдың жаздың басы болатын. Үш рет қайталанғаннан кейін олар бұл арызға басқаша қарай бастады. Содан соң маған байланысты қорғау нұсқаулығы жазылды, маған телефон соғуға, жақындамауға хат берілді. Бірақ өкінішке қарай, екінші тарап жағынан бұзыла бастады. Содан мүлікті бөлу кезінде бірнеше сатыдан өтеді ғой. Мен адвокат жалдап, ол процеске қатыспадым. Адвокатым "екінші тараптың сізге қойып отырған талабы бар" деді. Жеке құқығымды аттап кететіндей заңсыз деп шешкеннен кейін қылмыстық іс қозғауға мәжбүр болдым. Ол қылмыстық істің мән-жайын айта алмаймын. Бұл заңбұзушылық болады. Аяғында істі сотқа дейін жеткіздік, заң бойынша кінәсін мойындаған тиісті үкіммен жазасын алды. Шынын айтқанда, мұндайға дейін жеткізбеуге де болатын еді. Бірнеше рет "келісімге келейік деген сияқты өз тарапымыздан ниеттіміз" деп білдірген едік. Өкінішке қарай, іс насырға шауып, осындай жағдайға жеткізілді. Тағы да айтайын, бұл зорлық-зомбылықтың көз көгертетін, ұрып соғатын жайы емес ", - деді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Дана Нұржігіт (@dana_nurzhigit)

Әлеуметтік желідегілер Дана Нұржігітке ізгі тілегін білдіріп, сынбауға, мойымауға шақырды. 

"Алла жолыңды, бағыңды ашсын, сені жақсы көреміз, дұғадамыз", "Қоғамға белгілі адам осындай жағдайға тап болса, басқалардың жайы қандай?", "Мықтысыз. Өз ісінің маманысыз. Мәдениетті, өте сауатты баяндап бердіңіз. Бейпіл ауыздар пікір жазса, өздерінің сорлылығын білдіреді. Заңнан кейін өзгерістер болып жатыр. Бастарын тауға да, тасқа да соғып қиналған қыз-келіншектер ынтамен тыңдап шықса екен", "Дана, сіздің бүгінгі әңгімеңізді бастан аяқ тыңдадым, сізді түсіндім. Өзім де толқып отырдым. Аман болыңыз, Әлімнің рақатын көріңіз", "Бәрі артта қалсын", - деп жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, бұған дейін Дана Нұржігіт әлеуметтік желідегі парақшасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғанын айтып, жан сырын ақтарды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz