"Көрсетпегенді көрсеттің-ау". Ақбота Керімбекова "Аппақ гүлдер" әнін айтқан емшіге ашуланды

Танымал әнші Ақбота Керімбекова келушілеріне "Аппақ гүлдер" әнін айтқан емші Ұлықбек Смановты сынады. Бұл жайлы әнші өзінің инстаграм-парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде шымкенттік емші Ұлықбек Смановтың сеансынан видео тарады. Емші келушілерді қазақша әндерді орындай отырып емдеген тәрізді.

Кадрлардан ер адамдардың бірі тәуіптің белінен ұстап билеп, ал әйелдер жағы эстрада әншісі Ақбота Керімбекованың "Аппақ гүлдер" әнін айтып, теңселіп тұрғанын көруге болады.

"Бәрін көрдім", деуге болмайды десек те, маңдайымызға жазылған өнер жолының дәм-тұзы бұйыртып, көп нәрсеге қанықтық, бірақ, дәл мынадайды көру үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Әннің көңілге демеу, жанға медеу болатыны рас, солай екен деп дәл осылай жасауға бола ма?! Аңқау елге арамза молда болғандардың ақыры жақсы болғанын көргенім жоқ, адамдар бірнәрсеге тәуекел етіп немесе бірнәсеге кірісу үшін ақырын неге ойламайды екен осы?

Әбден сарсаңға түсіп, қажығандарды, жанына тыныштық, дертіне дауа іздегендерді сендіру, көндіру оңай… мына үкілі кісінің алдында тұрғандар да бір ғажайыпқа сеніп келген шығар, оларды жазғыра алмаймын, қателік жасағанды табалау еш заманда да дұрыс болмаған. Ал, енді "аппақ гүлдетіп" тұрған кісіге Құдай сана берсін!

Қасиетті кісілердің есімдерін қор қылды-ау… Сырдағы Серік Ыдырысов ағам айналасына "ақылыңды жойма, ақырыңды ойла" деп отырушы еді!

Ай, өмір-ай, көрсетпегенді көрсеттің-ау. Екінші трансында марқұм Нәби екеуміз орындаған "Ақ шағала" дейтін әннің музыкасына салып алып, ұрып тұрғаны ше", - деп жазды әнші.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!