"Құрып кетсем де, баруым керек еді". 10 жылға өнерден алшақтаған Нұржан Қалжан өкінішін жеткізді

Танымал әнші Нұржан Қалжан "ХабарLike" телебағдарламасына берген сұхбатында өзегін өртеген өкініші туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі әлемге танылуға көмектесетін ұсыныстардан бас тартқан.

"Негізі мен өнерге алғашында эстрада емес, дәстүрлі әнші болып қадам бастым. Менің эстрада әншісі болуыма марқұм композитор Арман Дүйсенов ағамыз бірден бір септігін тигізді. Түркістанда, Алматыда байқауларға қатысып, жеңіп, эстрадаға қадам бастым. Одан кейін Қытайға бардым, ол жақта да жеңіспен қайттым. Қытайдан келгеннен кейін АҚШ-тан Майкл Джексонның алғашқы продюсері келді. Олар мені Америкаға жұмысқа шақырды, "2 жыл тіл үйренесің, кейін ән жазып, шығарамыз, егер де әндерің хит болып, әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналасың" деді. Мен ол уақытта Қыдырәлі Болманов ағамызбен жұмыс жасап жүрген болатынмын, шыны керек, ол кезде бір ауыз орысша білмейтін ауылған келген бала болдық. Содан "орысшаны өзім білмеймін, ағылшыншаны мүлде білмеймін, ол жаққа барып қалай ән айтамын? Қалай болады?" дедім де, "білмеймін, көрейін" дедім. Содан 2 жылдан кейін Қыдырәлі ағаның продюсерлігінен кеттім, кеткеннен кейін тағы да АҚШ-тан сол кісілер қоңырау шалып тұр. Менің продюсерсіз екенімді естіп, Толқын деген аудармашы қызбен хабарласып тұр. Сөйтіп олар маған "біздің ұсынысымыз әлі де күшінде, егер келемін десең, ертең Қазақстанға барып, сені алып кетеміз" деді. Мен сонда да қорықтым, мүмкін ауылдан шыққан, сыртты көрмегендіктен болар, тағы бармадым. Әлі күнге дейін сол шешіміме өкінемін, "құрып кетсем де, баруым керек еді" деп ойлаймын, өзегімді өртейтін осы өкініш бар. 

Одан кейін Лондонға шақырды. Ол кезде "Бұлбұл құс" әні хит, көпке танымал еді. Сол уақытта ағылшынша-қазақша аралас сөйлейтін қазақтар келді, қазақша аса қатты білмейтін. Олар "осы ән Ұлыбританияда жақсы тарап жатыр, осы әнді енді ағылшынша жазсақ, бүкіл әлемге танылады, миллионер боласың" деді. Тура сол уақытта өмірімде қиындық көбейіп, ол да кейінге қалды", - деді әнші.

Тағы да оқи отырыңыздар: Баланы мектепке қай жаста берген дұрыс?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!