- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жылдам ұйықтап кетуге...
Жылдам ұйықтап кетуге көмектесетін 5 әдіс
Көпшілік адам түн ортасына дейін сериал қарап немесе бастаған жұмысын аяқтағысы келіп, ұйқыны кейінге ысырады. Сондықтан келесі күні басы ауырып, жұмысқа ынтасы болмайды. Алайда кеш жату әдетінен арылсаңыз, дұрыс ұйқының пайдасы зор. Бірақ қалай жылдам ұйықтап кетуге болады?
Күнделікті сегіз сағаттық сапалы ұйқы анық ойлауға, жас көрінуге, жиі ауырмауға және артық тамақтанбауға көмектеседі. Сондай-ақ көңіл күйіңіз жақсарып, мазасыз ойлардан арыласыз. Ендеше, жылдам ұйықтап кетуге көмектесетін 5 әдіс ұсынамыз.
Ұйықтауға алдын ала дайындалыңыз
Адам ағзасы жарық шамның астында ұйықтап кете алмайды. Тіпті, теледидар экранының жарығын да ми әлі күндіз деп қабылдап, ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуін тежейді. Сондықтан далада қараңғы түсе бастаған кезде белсенділікті азайтыңыз. Ұйықтауға дайындалу үшін босаңсытатын іс табыңыз. Мысалы, ваннаға жатыңыз, йогамен айналысыңыз, жалбыз қосылған шай ішіңіз немесе кітап оқыңыз.
Күн тәртібін сақтаңыз
Күйзеліс гормондары – адреналин мен кортизол табиғи циклдарға сәйкес бөлінеді. Мысалы, кортизол деңгейі түн ортасына қарай түседі. Алайда егер сіз түнгі сағат үшке дейін гаджет қарап отырсаңыз, ол қайтадан артып, мазасыздық тудырады және ұйықтауға кедергі келтіреді. Ал егер күнде бір уақытта жатып, бір уақытта оянатын болсаңыз, гормондар табиғаты бойынша бөлініп, күйзеліс деңгейін азайтуға ықпал етеді.
Қараңғы жерде ұйықтаңыз
Жоғарыда айтылғандай, шамдардың және гаджет экрандарының жасанды жарығы ағзаны алдауы мүмкін. Сондықтан барлық гаджетті ұйықтауға бір сағат қалғанда тастаңыз және жапқышты жауып, бөлмені қараңғылатыңыз.
Ұйықтар алдында ақуыз жеңіз
Ұйықтар алдында тіскебасар жеу пайдалы болуы мүмкін. Алайда бөлке емес, аздап жаңғақтар жеңіз немесе бір стақан сүт ішіңіз. Олар мелатонин мен серотониннің бөлінуіне қажетті аминқышқылдар - L-триптофанның өңделуіне көмектеседі.
Ұйықтауға сағат 22:00 мен түнгі 00:00 арасында жатыңыз
Осы уақыт аралығында ұйықтап кетсеңіз, ертеңгісін демалып, сергек болып оянасыз. Бастапқыда дәл осы уақыт аралығында ұйықтау қиынға соғуы мүмкін. Алайда режимді қалыптастыруға болады.
Оқи отырыңыз: Неліктен түсіңізде бұрынғы жігітіңізді көресіз?
А. Жапатова