- Негізгі бет
- LifeStyle
- Кемін жарығы оянғаны,...
Кемін жарығы оянғаны, Қытайдағы жер бұрғылануы Алматыға әсер етіп жатқаны рас па? Профессор жауап берді
Алматы тұрғындары 23 қаңтарда жер сілкінісін сезді. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды. Көктем басталысымен қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді.
Осы екі ірі дүмпуден кейін халық арасында түрлі ақпарат тарап кетті: Қытайда жер қазылып, соның әсері Алматыға тиіп жатыр ма? Кемін жарығы оянғаны рас па? 100 жыл сайын жойқын жер сілкінісі қайталана ма?
Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын табу мақсатында профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасты.
- Алматыда кейінгі кезде жер сілкінісі жиілеп кетті. Бұған қатысты не айта аласыз?
- Жалпы алғанда, Алматыда неге жер сілкінісі жиі болады деген сұраққа жауап беру үшін, алдымен қаламыздың географиялық тұрғыдан қай жерде орналасқанын ұмытпағанымыз жөн. Қаланың оңтүстігінде батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Іле, Күнгей Алатауы, одан әрі Теріскей Алатауы, одан әрі 23 қаңтарда болған 5 балдық жер сілкінісі орналасқан Көкшал тау бар. Қаланың солтүстік-шығысында Жонған Алатауы, батыста Қырғыз Алатауы. Сонымен, қаланың жан-жағын қоршаған таулы аймақ, олардың қойнауында қарқынды тектоникалық процестер үздіксіз жүріп жатыр және олар алдағы уақытта да жалғасады. Жер бетінде мұндай процестер жер сілкінісі болып білінеді. Аталарымыз "таудың да түбірі бар" деп айтып кеткен. Осы таулардың пайда болуының өзі сол тектоникалық процестерге тікелей байланысты.
Massaget.kz
- Ел арасында 23 қаңтарда жер сілкінісі басқаша сезілді, ал 4 наурызда су шайқалғандай сілкінді деген пікірлер бар. Жер сілкінісінің бірнеше түрі бола ма? Қайсы қауіпті?
- Алматы тұрғындары бір жарым ай шамасында күші 5 балдық, екі рет болған жерасты дүмпуінің айырмашылығын жақсы сезді деп ойлаймын. Біріншіден, 23 қаңтардағы жер сілкінісі кезінде жердің дірілі 15-25 секундқа созылса, 4 наурыздағы сілкініс тік бағытта гүрс етіп, тез басылды. Бұл сілкініс ошағының қаладан әртүрлі арақашықта болуымен байланысты. Екіншіден, 23 қаңтардағы сілкіністің афтершоктары (кейінгі немесе ілеспе дүмпулер) әлі де созылып жатыр. Бұл - абиғи процесс. Өйткені сілкіністің күші де оның болған жеріде айрықша.
23 қаңтарда болған жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан Көкшал тауында болған. Бұл аймақ - Тянь-Шань таулы өлкесінде өзінің сейсмикалық қарқындылығымен ерекше сипатталатын аймақ. Оның ерекшелігі оңтүстіктен солтүстік бағытта жылжыйтын Индостан тақтасының Еуразия алып тақтасымен соқтығысқан буферлық аймаққа жатады. Міне, сондықтан оның сейсмикалық қарқындылығы басқа аймақтарға қарағанда жоғары және келешекте де осылай сақталады. Айта кететін жайт, бұл аймақта болатын қаншалықты күшті зілзала апаты болғанымен, оның зардабы Алматы қаласы үшін аса қауіпті емес, ең күштісі 6 балдан аспайды.
©️ Tengrinews.kz
Ал 4 наурыздағы жер сілкінісінде бірде-бір афтершок жоқ. Әдетте, магнитуда деңгейі 5-тен жоғары сілкіністердің афтершоктары болады. Сейсмологиялық практикада афтершоктары жоқ, магнитудасы 5-тен жоғары дараланған сілкіністер де кездеседі. Сондықтан жер сілкінісі болған аймақтың Алматы және оған жақын орналасқан елді мекендер үшін маңыздылығының (қауіптілігінің) ерекше екенін еске алып, келешекте бұл аймақта қандай құбылыстар болуы ықтимал деген сұраққа жауапты қосымша жан-жақты зерттеулер ұйымдастыру арқылы алуға болады. Ол үшін жер сілкінісінен кейін тез арада арнайы экспедициялық топ құрылып, сілкініс эпицентріне жақын қосымша аспаптар, яғни уақытша сейсмикалық станциялар қойып, міндетті түрде, жан-жақты зерттеулер жүргізуді бастау керек еді. Тек осындай қосымша зерттеулер нәтижесінде сол ошақ аумағының болашағы туралы мағлұматтар алуға болады (қазірде жұмыс істеп тұрған аймақтық сейсмикалық станциялар әлсіз немесе микродүмпулерді тіркемеуі әбден мүмкін). Қазір де жер сілкінісі болған аймақтың келешегі туралы ешбір мағлұмат жоқ. Өкінішке қарай, Сейсмологиялық орталықтың мұндай қосымша зерттеулер жүргізу ойы жоқ сияқты.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
- Қытайда бұрғыланып жатқан 15 шақырымдық ұңғыманың жер сілкінісіне қатысы бар деген сөздер тарап жүр. Осы ақпаратқа қатысты не айтуға болады?
- Қытай жерінде (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында) бұрғыланып жатқан аса терең ұңғымағаның жер сілкінісіне ешбір қатысы жоқ. Өйткені жер сілкінісін қоздыру үшін сол аймақтағы жер қойнауына ауқымды әсер ету керек. Ал тереңдігі 10 шақырымға жеткен, әлі де бұрғыланып жатқан ұңғыма болса, пілге адамның екпесін егумен бірдей. Мұндай әсер жерасты ядролық жарылыстары немесе эпицентрге жақын жерде ауқымды жерасты байлықтарын қарқынды игеру әсерінен болады. Оларды "техногендік жер сілкіністері" деп атайды. Мәселен, еліміздің мұнайлы аймақтарында (Атырау, Мыңқыстау, Ақтөбе, Орал) және қатты пайдалы қазбаларға бай Орталық және Шығыс Қазақстан жерлерінде кездеседі. Бұл - айрықша тақырып.
- Алматы халқы 23 қаңтардағы жер сілкінісін әлі күнге дейін сезгендей күй кешіп жүр. Бұл қалыпты ма?
- Бұрын Алматының халқы 2-3 балдық жер сілкінісін сезбейтін. Өйткені қазіргідей көпқабатты үйлер жоқ, интернет деген мүлде болмаған. Қазір халық сауатты, интернеттен көршілес елдерде болған зілзала салдарын оқып, көріп отыр. Алматылықтардың басым көпшілігі көпқабатты үйлерде тұрады, ал үй биіктеген сайын, тербеліс амплитудасы да жоғарылай түседі. Міне, осының бәрі аз тербеліс болса да адамның ағзасына тікелей әсер етеді. Сондықтан халықты сабырлыққа шақыру үшін "жер сілкінісі болмайды" деп қайталай бергенше, халыққа шынайы, айқын да анық мағлұмат бару керек, сонда ғана ол сенеді. Әрине, орталықтың мұндай жауабын түсінуге де болады, өйткені "жоғарыдан" солай айтыңдар деген нұсқау да болуы мүмкін. Дегенмен сейсмолог мамандардың өзіндік көқарастары алда болғаны жөн.
©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев
- БАҚ бетінде 4 наурыздағы жер сілкінісі 1911 жылғы Кемін апаты эпицентрінде болды деген ақпарат тарап жатыр. Бұл қаншалық рас?
- 4 наурызда болған жер сілкінісінің эпицентрі, шындығында, 1911 жылы 4 қаңтарда болған Кемін атаулы 10-балдық зілзала апаты эпицентріне жақын орналасқан. Оның ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 55-60 шақырым қашықта, геологиялық тұрғыдан бұл саладағы мамандарға белгілі, Іле Алатауы мен Күнгей Алатауының ортасынан батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Шу-Кемін атаулы жарылымында орналасқан. Сондықтан да 4 қаңтардағы жер сілкінісі осы жарылымға әсер етіп, оның қауіптілігін жоғарылатуы ықтимал деген сөздің жаны бар. Дегенмен табиғаттың ашылмаған құпиялары әлі де көп, оны нақты айту мүмкін емес.
e-history.kz
- Жақын арада Алматыда болған екі жер сілкінісі жайлы нақты ақпараттар БАҚ беттерінде, ведомство мәліметтерінде мемлекеттік тілде әлі де дұрыс берілмей жатыр деген де пікір бар. Бұған қатысты қандай пікір білдіре аласыз?
- Өкінішке қарай, 23 қаңтарда және 4 наурызда Алматыда болған 5 балдық жер сілкіністерінен кейін Сейсмология орталығынан ешбір маман жер сілкіністерінің қай жерде, қалай болғанын, алда не күтуге болады және т.с.с. сұрақтарға халыққа түсінікті тілмен, ғылыми-көпшілік тұрғыдан дұрыстап, қолжетімді формада түсіндіре алмады. Оның орнына жақын арада күшті жер сілкінісі болмайды деп қайталаудан басқа әңгіме жоқ.
Жастардың білімі жетіспейді, мен сияқты шалдардың жасы келді, белсенді жұмыс істей алмайды немесе бұл дүниеден өтті. Ғылыми тұрғыдан нақты түсіндіретін маман да қалмады. Алматының кейбір телеканалдары тіпті көршілес Қырғызстан, Мәскеу мамандарын сөзге шақыруға мәжбүр болды. Бұл деген өз мамандарымызға сенімсіздікпен қарау, яғни отандық сейсмология саласы үлкен күйзелісте дегенді білдіреді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова