Алматыда тұрғындар тағы "жер сілкінісі болады" деп шулады: сейсмология институты өкілі жауап берді

Алматыда тұрғындар тағы "жер сілкінісі болады" деп  шулады: сейсмология институты өкілі жауап берді
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Алматыда тұрғындардың WhatsApp-чаттарында "жер сілкінісі болады" деген хаттар тағы да тарады. Кейбір тұрғындар дүрбелеңге салынып, басқа алматылықтарға ескерту де жасап жатыр. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге қатысты Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығына жүгінді.

"Таң атпай мұндай жаңалық үшін кешірім сұраймын. Жұмысқа кезекші бригадаларды дайындау керек екені, Алматыда жойқын жер сілкінісі болатыны туралы хаттама келді. Рас болса, сақтаныңыздар", - дейді тұрғындардың бірі.

Енді бір топта жер сілкінісі 20 ақпанда болатыны айтылып жатыр.

 

Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы мәліметінше, бұл хаттар ғылыми ақпаратқа негізделмеген. Ұлттық ғылыми орталық мәліметіне сүйенсек, жақын арада Алматы қаласы және Алматы, Жетісу облыстарында магнитудасы 5.5-ке тең немесе одан жоғары жер сілкінісі болу ықтималдығы өте аз.

"Зерттеліп отырған аймақ фондық режимде, көршілес Қытай жерінде болған жер сілкінісінің афтершоктары жалғасып жатыр. Біз осы аймақта орналасқан сейсмологиялық станциялардың мәліметтеріне сүйенеміз", - деп жауап берді орталық өкілі Massaget.kz-ке.

Сонымен қатар, орталық мәліметінше, барлығы үнемі бақылауда, зерттеліп отырады.

"Жылдың басында сейсмикалық қауіпті аудандардың сейсмикалық жағдайын бақылау арқылы ғылыми зерттеу барысында биыл жыл ішінде ірі жер сілкінісі болу немесе болмау ықтималдығын зерттейміз. Оның нәтижесін директивті органдарға қорытынды ретінде жібереміз. Бұл мәліметтерге әрдайым әлемде болып жатқан ірі сілкіністерді бақылай отырып, талдай отырып, түзетулер енгіземіз, себебі қандай да бір ірі жер сілкінісі жер қабатына әсерін тигізеді, цикл бұзылады. Неге тек ірі жер сілкінісі зерттеледі? Себебі осындай өзгерістерді бақылау, талдау ұзақ мерзімді қажет етеді және жер қабатында жүретін геологиялық процесстер де ұзақ мерзімде жүреді", - дейді орталық өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова