"Шабандозы - ұлыбританиялық, бапкері - америкалық". Қазақты қуантып, Дубайда бірінші келген Кабирханның иесі сұхбат берді

"Шабандозы - ұлыбританиялық, бапкері - америкалық". Қазақты қуантып, Дубайда бірінші келген Кабирханның иесі сұхбат берді
Фото: ©️ Dubai Racing Club

12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен беделді бәйгеде қазақстандық Кабирхан есімді тұлпар топ жарды. 2000 метр ұзындықтағы жарысқа 13 сәйгүлік қатысқан еді. Кабирхан бұған дейін де 9 жарысқа қатысып, сегізінде бірінші, тек біреуінде екінші орын алып, таңғаларлық нәтиже көрсеткен. Дубайдағы екінші бәйгеде де қазақстандық сәйгүлік бірінші келді.

Massaget.kz тілшісі ел аузында жүрген Кабирханның иесі Тілек Мұханбетқалиевпен сұхбаттасты.

"Иесі - жеке кәсіпкер"

Тілек Мұханбетқалиевтің сөзінше, өзі - жеке кәсіпкер. Ал атбегілікке осыдан бірнеше жыл бұрын келіпті.

"Жеке компаниям бар. Сату-сатып алумен айналысамын. Ал атбегілікпен айналысқаныма 5 жылдай болады", - дейді ол.

Оның сөзінше, Кабирханнан бөлек 4 жылқысы бар.

"Олар да ұшқыр бәйгеге қатысады, Ресейде дайындалып жатыр. Кабирхан Дубайда. Қалған төртеуі Ресейде", - дейді сәйгүліктің иесі. 

"Бағасы құпия, 2 жасында сатып алдым"

Көпшіліктің көзі түсіп, қызыққан сәйгүлікті иесі осыдан 2 жыл бұрын сатып алған екен. Алайда қанша теңгеге сатып алғанын айтуды құп көрмеді. Сонымен қатар, ол Кабирханды сатып алуға ұсыныс түсіп, өзі таңдап алғанын айтты.

"Кабирханды 2 жасында сатып алдым. Бірінші иесі Алматыда тұрады. Құпия (қаншаға сатып алғаны - еск.)", - дейді ол.

Тілек Мұханбетқалиев Кабирханның ағылшын тұқымды жылқы екенін растады.

"Ағылшын тұқымы, АҚШ-та туған, қазір 4 жаста. Қазақстанда 2 жасында 3 рет жарысқа қатысты. Сосын 3 жасында Ресейге жібердім. Ресейде жарыс көп, рейтингі жоғары. Бізде аламан бәйге, қазақтың бәйгелері дамыған, ол жақта ұшқыр бәйге дамыған. Сондықтан Ресейге жібердім. Ресейде баптаған соң алты рет шапты, бес рет бірінші болып келді. Бір рет екінші келді. Содан кейін өзім Дубайға жіберуді шештім", - дейді ол.

static.sportbox.ru

"Сатылмайды, сатпаймын!"

Кабирхан Дубайда екі мәрте кіл мықты тұлпарлар бәсекесінде оқ бойы озып шыққан еді. Осылайша оның қанжығасы айтарлықтай майланды. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, бірінші жарыста 15,5 миллион теңгенің марапатына ие болса, екіншісінде 1 миллион доллардың сыйақысын еншілеген. 

Ал сәйгүліктің иесі тұлпарды сатпайтынын кесіп айтты.

"Кабирхан сатылмайды. Сатпаймын. Жоспарымызда Дубайдағы әлемдік кубокқа қатысу бар, 30 наурызда болады. Ал 4 жылқым Ресейде қатысады", - деді ол.

"Шабандозы - ұлыбританиялық, бапкері - америкалық"

Дубайдағы бірінші бәйгеде Кабирханның шабандозы Пэт Доббс екені айтылған еді. Бұған қатысты қоғамда "Кабирхан деген тұлпармен көп мақтанып едік, шабандозы орыс екен ғой. Кабирхан өзі де Арабиядан әкелінген емес пе?" деген сынды түрлі сын пікір де бар.

"Шабандозы - ағылшын ұлтының өкілі. Қандай шабандоз шабатынын бапкер шешеді. Соған үйренген шабандоз болуы керек. Қазақтың шабандоздарынан бізде тек Бауыржан Мырзабаев бар. Ол Еуропада және Жапонияда шапқан. Қалғандары отыра алмайды, оған халықаралық лизенция керек. Халықаралық турнирлерде лицензиясыз шабандозды жібермейді. Сертификаты болуы қажет", - деп түсіндірді Кабирханның иесі мұның себебін.

Қазір тұлпар Дубайда екен.

"Кабирханды баптайтын - америкалық бапкер", - дейді иесі.

t.me/sportilinet

"Кабирхан қазақты қуанта берсін!"

Тілек Мұханбетқалиев сәйгүлікті 1 миллион долларға сату ұсынылғаны қауесет екенін айтады.

"Ол - өсек, сатылмайды. Ұсыныстар болған да болар. Негізі сатылмайды. Ол - қазақ елінің аты. Қазақстанның туын көтеріп, жеңіске жете берейік", - деді ол.

Сонымен қатар, Кабирханның иесі бәйгелерде нақты қанша сыйақы тігілетінін де атап айтуды жөн көрмеді.

Ал жұрт тамсанған Қазақстанның сәйгүлігі 30 наурызда Дубайда өтетін ең үлкен бәйгеге қатысады. Ашық дереккөзде бірінші орын алған тұлпарға 7 миллион 200 мың АҚШ доллары берілетіні туралы деректер бар.

"Әзірше 30 наурызға дейін Дубайда болады. Жарыстарға өзім барып қатысып тұрамын. Кабирхан Ресейде де, дүниежүзінде де сүйікті сәйгүлік болып кетті. Бәрі қарап жатыр. Қазақстанның атын шығарып жатыр. Кабирхан бізді қуанта берсін!" - деп түйіндеді иесі әңгімесін.

Еске салайық, бұған дейін Тілек Мұханбетқалиев сәйгүліктің аукциондағы бағасы 12,5 мың доллар болғанын, ал атын Кабирхан деп алдыңғы иесі қойғанын айтқан еді. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова