Бүгін еліміз Қазақстан халықының бірлігі күнін атап өтіп жатыр. Бұл мереке елімізде тұратын түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, келісімді және өзара құрметті білдіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойды. Бұған дейін, кеңестік кезеңде, мемлекет еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастығы күнін тойлап келген. Ол кезде 1 мамырда халық жаппай шеруге шығып, әскери парадтар өтетін.
Бұл мереке елімізде өмір сүріп жатқан барлық этникалық топтардың тату көршілік қарым-қатынастарын, өзара құрметі мен бірлігін ерекше атап өтуге арналған. Бұл – еліміздің әрбір азаматы ортақ үйді, ортақ құндылықтар мен ортақ болашақты тойлайтын күн.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 124 этнос өкілі тұрады. Олардың қатарында қазақтар, орыстар, өзбектер, украиндар, ұйғырлар, сондай-ақ цахурлар, нивхтер, удэгейлер, кеттер, чукчалар, саамдар және басқа да саны аз халықтар бар.
Биыл 1 мамыр Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл ұйым 1995 жылы құрылған. Оның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этнос арасындағы бейбітшілікті, келісімді және достықты сақтау. Ассамблея ұлтаралық қатынастар мәселелерін шешуге көмектеседі және ел бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
"Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Ассамблея барша азаматтарды ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Шәріпхан