1 қыркүйектен бастап Қазақстанға көлік әкелу талаптары қатаңдайды

Қазақстанда шетелден көлік әкелу талаптарын күшейту жоспарланып отыр. Өзгерістер оң рөлді көліктерді сол рөлге қайта жабдықтау тәжірибесіне және көліктердің қауіпсіздік талаптарына қатысты болмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес рөлі оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерге көлік конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік беру тоқтатылуы мүмкін. Яғни мұндай көліктерді Қазақстанға әкелу және тіркеу тәртібі қиындай түседі.

Сондай-ақ, көліктердегі төтенше жағдай кезінде көмек шақыруға арналған SOS батырмасын тексеру тәртібі де өзгермек. Бұдан былай сынақ процесін арнайы зертханалар бейнежазбаға түсіруге міндеттеледі. Кадрда көліктің сәйкестендіру нөмірі (VIN код) анық көрінуге тиіс. Тексеріс жазбалары кемінде үш жыл сақталмақ.

Жаңа талаптар қоғамдық талқылаудан өтіп, Әділет министрлігіне жіберілген. Құжат 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!