Мектептегі алғашқы жыл – бала үшін де, оның ата-анасы үшін де маңызды кезең. Ұйқыдан ерте тұру, сыныптастарымен араласу және үй тапсырмаларын орындау балада күйзеліс тудыруы мүмкін. Оған жаңа ортаға бейімделуге қалай көмектесуге болады? Психолог Дарья Валентова кеңестер берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Life-ке сілтеме жасап.
Маңызды нәрселерді баламен бірге талқылаңыз
"Бала білуі керек базалық ұсыныстар бар: оның аты-жөні, тегі, жасы, ата-анасының есімдері мен байланыс нөмірлері. Бала оны мектептен кім алып кете алатынын және кім алып кете алмайтынын білуі керек", - дейді маман.
Ұжымда өзін ұстау ережелерін түсіндіріңіз
Мектеп – баланың құрдастарымен ресми сөйлесудегі алғашқы тәжірибесі. Әдетте, бұл кезге дейін балада достары болады, бірақ сонда да кейде сыныптастармен достасып кетуі қиын болады.
Дарья ұжымда өзін ұстау ережесін түсіндіру үшін отбасыдағы құндылықтарды пайдалануға болатынын айтты.
"Мысалы: біз бір-бірімізді құрметтейміз және келіспеушілік кезінде жеке тұлғасына өтпейміз. Адам жайлы емес, сезімдер мен әрекет жайлы айтамыз. Өзіміздің және басқаның жеке шекарасын құрметтейміз. Егер бірдеңе ұнамаса, "жоқ" деп нақты айтамыз. Басқаның да бас тартуын құрметтейміз. Басқаның затын рұқсатсыз алуға болмайды", - дейді Дарья.
Психолог балаға көмек сұрау және сұрақ қою қалыпты екенін түсіндіруге кеңес берді.
"Егер шұғыл болса, оның сөзін бөлгенің үшін кешірім сұра да, өтінішіңді айт. Мұндай сөздер баланың ұжымда ұялмауына көмектеседі", - дейді маман.
Үй тапсырмасын орындауды ұйымдастырыңыз
Бала сабақты жыламай орындау үшін жөнге салынған жүйе көмектеседі. Маман былай дейді:
"Үй тапсырмасын күнде бір уақытта орындаған жөн. Бала шаршап қалмас үшін қиыннан бастап жеңілге өтеміз".
Дарья баланың ерекшелігі мен темпераментіне қарай сабақты оқу түрін таңдауға кеңес берді.
"Бірі сабақты үзіліссіз оқи алады, ал басқасы аз-аздан оқығанды жақсы көреді: 20 минут – сабақ, 5-7 минут - демалу", - дейді психолог.
Ұйқы режимін сақтаңыз
Баланың ұйқысы қанса ғана таңертең ерте жақсы оянады. Сондай-ақ күн тәртібін демалыс күндері де сақтау керек.
"Баланы ұйықтатуға аса мән беріңіз: массаж, бірге қасына жата тұру, қызықты оқиға айтып беру, сүю", - деп кеңес берді ол.
Баланы тәуелсіз болуға үйретіңіз
Бала ата-анасы үшін әрқашан бала болып қалады. Бірақ оның тәуелсіз болуды үйренуі – оның дамуындағы маңызды кезең. Психолог балаға сенуге кеңес берді. Егер бала бір нәрсені жасай алмаймын десе, сол бойда өзіңіз жасап бермей, "кел, бірге істейік, мен саған үйретемін" деп айтыңыз.