Философ Шопенгауэрдің "Адам бір жағдайды бастан кешіре отырып, түрлі өмір сүреді" деген сөзі бар. Адам басына бірдей жағдай туған сəтте əркім əртүрлі реакция береді. Бірі ақылмен шешім қабылдайды, бірі сынға алады, енді бірі жауапкершілікті өзгенің мойнына жүктей салады. Осылайша адам болмысын тануға болады. Ол сыртқы жəне ішкі факторлар арқылы жүзеге асады. Бұндайда неге адам əртүрлі шешім қабылдайды деген сұраққа психолог Эрик Берн жасаған транзакциялық талдау арқылы жауап беруге болады.
Қарым-қатынастағы үш рөл
Эрик Берн зерттеу барысында адамдармен қарым-қатынасты "байланыс бірлігіне" немесе "транзакцияға" жіктеген. Сол себепті бұл психологиялық талдау транзакттік деп аталады. Эрик Берннің транзакттік талдауы өзгелермен қарым-қатынас құру барысында туындайтын мəселелердің негізін түсінуге көмектеседі.
Трансакттік талдау жұмысы үш эго күйден (лат. ego — "мен") тұрады. Олар психологиялық мінез-құлықты, өмір сүру сапасын, денсаулық пен қарым-қатынас ерекшеліктерін анықтайды.
Адам "байланыс бірлігін" түсіне отырып отырып, үш эго күйден тұратын рөлдерді өзара үйлестіре алады. Эго күйлерді түсіну жəне соған сəйкес əрекет ету дегеніміз — адамдармен тығыз қарым-қатынас орната білу.
Ата-ана рөлі
Ата-ана рөліндегі адамдарды қоғам жақсы жағынан да, жаман жағынан да қабылдайды. Олар айналасына қамқор болып, əрқашан əр іске жауапкершілікпен қараса да, кейде шектен тыс қамқорлық айналасындағыларды басқару, міндеттеу жəне жөн-жосықсыз ақыл айтып үйретуге əкелуі мүмкін. Бұл күйдегі адамдар өзіне де, өзгеге де "міндетті" жəне "тиісті" деген шарттар қояды.
Ата-ана күйі адамға өзінің ата-анасынан беріледі. Оның психикаға əсері қалай болды, солай санада қалып қояды. Тəрбие кезінде баланың жасына қарамай, жауапкершілік жүктеу де осыған алып келеді.
Аяжан Махутова, (аты-жөні өзгертіліп алынды):
Мен үйдің үлкенімін. Жасым 23-те. Бізде қазақта "Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, соңғы дөңгелегі сонда жүреді" деген сөз бар. Ата-анам мені солай тəрбиеледі. Ерте есейдім, ересек адамдардың шаруасына ерте араластым. Жастар сияқты ойлап, еркін күліп, шалқып өмір сүрудің орнына, бəрін өбектеп,уайымдап жəне бақылап отырамын. Менің айтқанымдай болмаса, ашуланатыным тағы бар. Əрине, достарым мен жақындарым мені мейірімді, ешқашан айтқан сөзін жерде қалдырмайтын, жауапты адам ретінде сипаттайды. Бірақ сəйкесінше əзілдеп "үйдің мамасы" деп те жатады. Бауырларымның кіріп-шыққанын, кешіккенін бақылап, əр бұрыс қылығына бола сөгіп, сынап əбден мазаларын аламын. Оның үстіне өзіме қатысы жоқ істердің барлығына бола жауапкершілікті мойныма жүктейтін əдетім бар. Содан шаршаймын. Күйзелемін. Мен кейде бала болғым келеді.
Бала рөлі
Бала кейпінде жүрген адамдардың өмірін эмоция шешеді. Бұл күйге балалық реакциялар, өмірдің əр сəтінен қуана білу, жедел шешім қабылдау жəне қорқыныш, реніш пен өзгеге тəуелділік жатады. Бұл рөлді "қалаймын-қаламаймын" ойыны деп те атайды. Бала рөлінде адамдарға еркелік, қырсықтық жатады. Олардың қиялында шек болмайды, шығармашылыққа жақын келеді.
Эльвира Ерғалина, нейро-коуч:
Əрбір адамның ішіндегі бала рөлі бəріне өмір бойы керек. Біз оны басқа жаққа бағыттаймыз немесе мүлдем өшіріп тастаймыз. Бала қандай? Ол армандайды, бізді мақсатқа жетелейді. Бастаған ісіміздің соңы жақсы аяқталатынына сенетін, жарқын болашаққа ниет ететін, эмоция беретін ішіміздегі қияли бала күйі. Жасқаншақ, қорқақ, мені ешкім жақсы көрмейді деп қоғамнан тығылып қалатын балалар да болады. Қырсық, өз дегенінен қайтпайтын, тыңдамайтын, "өзім" дейтін балалар да бар. Осы күйлер кей адамдарда басымдық көрсетеді. Жауапкершілік те балаға тəн емес.
Ересек адам рөлі
Ересек адам рөлі — ата-ана мен бала күйі арасындағы тепе-теңдікті тауып, кез келген жағдайда ойланып барып шешім қабылдайтын, саналы адам күйі. Бұл күйдегі адам жоспар құрады, нəтижеге қол жеткізеді жəне табыс табады. Қиял мен жауапкершілікті ұштастырады. Бұны бала кескіні не ата-ана бейнесі емес, адамның өзіндік "мені" қалыптасқан, болмыс пен бітімнің өзара үйлесімдігінен туған күй деп те атайды.
Үш эго күй тұлға ретінде қалыптасуға қалай әсер етеді?
Үш рөл де адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін керек. Баланың қызметі армандау, өмірге сəн беру, жаңа нəрселерді ойластыру, идеялар ұсыну болса, ата-ана міндеті — өзге мен өзіне қамқор болу, қоғамдық нормаларды ұстану, тыйымдарды ескеру жəне көмек көрсету. Ересек күй келісуге, бейімделуге, өмірдің пайдалы тұсын сараптап, жоспар құрып, тірлік етуге бастама болады.
Біз мақсатқа қалай жетеміз? Іштегі бала көреді, қызығады, ересек жағдайды ой желегінен өткізеді, қол жеткізудің жолдарын қалыптастыра бастайды. Ал ата-ана күйі адамға күш беріп, оны қолға алып, ойды іске асыруға себепкер болады. Нəтижеге сəйкес мақтайтын да, даттайтын да ішкі ата-ана.
Ішкі эго күйлердің өзара үйлесімділігі ғана жетістікке себеп болып, тұлғаның істе де, қарым-қатынаста да алдыңғы қатарда болуына септігін тигізеді.
Жанна Сейтқалиева, психолог:
Эго күй және әке-шеше тәрбиесі. Эго күй 95%-ға дейін адамның болмысын басқарады. Адам өзінің түпсанасының "ойыншығына" айналады. Түпсана ата-ана қалыптастырған нұсқаулар бойынша жұмыс істейді. Ана, әке кейпі баланың психикасына айтарлықтай әсер етеді. Есейген шақта адам өз әке-шешесінің болмысын автоматты түрде қайталай бастайды. "Анам не әкем осылай істейтін, мен олай жасамаймын" десек те, оның істегенін дәл солай қайталаймыз.
Бала туған сәтінен бастап үш жасқа дейін өзінің мына әлемге керек не керек емес екенін шешім қабылдайды. Өзінің керек емес екенін анасының ашуынан, жылаған күйінде емізуінен немесе баланы өзгенің тәрбиесіне беруінен түсінуі мүмкін. Ата-ананың орнын ешкім баса алмайды. Бұндай балалардың ішінде әдетте есейген шақта пассивті бала рөлі сақталып қалады. Олар кез келген қарым-қатынаста ренжігіш, өкпелегіш келеді. Ешкімге керек емес сезінеді.
Ал 12-18 жас аралығында бала өзін жақсы көретінін, не көрмейтінін, өмірге керек не керек емесіне толық сенімді болады. Баланың бақытты болуына, ризығының көп болу, болмауына таңдау жасауға ата-ана себепші болады.
Ішкі күйдің адам болмысына әсер етуіне сәйкес біз өмір сценарийін үшке жіктейміз: жеңімпаз, жеңімпаз емес, жолы болмайтын адам. Жеңімпаз адамның әдетте ата-анасы қолдау білдіретін, қамқор және оның өміріне белсенді атсалысады. Ал жеңімпаз емес баланың ата-анасы жиі сынайтын, бақылауда ұстайды және оның өміріне қатыспайды. Бұндай сәтте баланың ішінде бала рөлі есейген шақта да сақталып қалып, ол жеңімпаз емес адамға айналады.
Жолы болмайтын адамдарда әдетте ата-ана мүлде болмайды немесе оның өміріне қатыспайды. Эго күйдің қалыптасуында көріп тұрғаныңыздай ата-ана мен оның балаға қарым-қатынасының атқарар рөлі зор.
дереккөз: balbal.kz