- Негізгі бет
- Бойжеткен
- Сізді талғамсыз көрсететін...
Сізді талғамсыз көрсететін белгілер
Сәнді көріну үшін асқан байлықтың қажеті жоқ. Тек киім түрлерін уйлестіруді білсеңіз болғаны. Сізді талғамсыз көрсететін төмендегідей белгілерден аулақ болыңыз.
Түс үйлесімділігін сақтай алмау
Түрлі түстегі киімдерді үйлестіре алу — көпшіліктің қолынан келе бермейтін өнер. Бірден бірнеше қанық түсті киім киюдің қажеті жоқ. Алдымен, бір түстің бірнеше реңін ғана үйлестіріп көріңіз. Мысалы: қызыл мен қызғылт, көк пен көгілдір және т.б. Кейін өзге де түстерді келісті келтіру өнерін игеріп аласыз.
Бренд атауы жазылған киімдерден аулақ болыңыз
Сәнді көрінеміз деп кейбір аруларымыз бренд атауы жазылған жейделерге әуес келеді. Бұл қателік. Өйткені брендтің түпнұсқасында ешқашан оның атауы жазылмайды. Жасанды, фейк, реплика талғампаз бикештің гардеробында болмауы тиіс.
Аксессуарды дұрыс таңдамау
Дұрыс таңдалған аксессуарсыз образ толыққанды болмайды. Ол әдетте бейненің соңғы нүктесі қызметін атқарады. Бірақ, солай екен деп бар бұйымды бірден таққаныңыз сізді талғамсыз көрсетеді. Аксессуар таңдауда қателік жасамас үшін өз образыңыз бен киім түсіне мән беріңіз.
Дене-бітіміңізге сай келмейтін киім кию
Жоғары талғам — өзіңізге қай стиль мен қандай түс сай келетінін дұрыс анықтау. Әдетте, оған жету жолында біраз қателіктер кететіні рас. Сондықтан, міндетті түрде, өз ерекшеліктеріңізге мән беріп, көркіңізді асыратын киім таңдауға дағдыланыңыз.
А. Оралқызы