- Негізгі бет
- Сән
- Күннен қорғайтын көзілдіріктің...
Күннен қорғайтын көзілдіріктің тарихы
Бүгінде күннен қорғайтын көзілдіріктер аптапты ыстық күндері тығырықтан алып шығар жазғы аксессуарлардың көшін бастап тұр. Көктем келіп, күн көзі күлімдей бастасымен, оларды серік етіп үлгердік десе де болады. Кейбіріміз олардың қайдан және қашан шыққандығы туралы ойлана бермейміз, әйтеуір есімізді білгелі жанымыздан табылып жүр. Ендеше, осы көмекшіміздің пайда болу тарихына көз жүгіртіп көрсек, қалай қарайсыз?
Күн көзінен қорғауды өз мойнына алған көзілдіріктердің тарихы тым тереңнен бастау алады. Өйткені, күннің адам көзіне беретін теріс әсері қадым замандарда-ақ белгілі болған. Археологтар бұл сөзімізді дәлелдеп отыр.
Ең алғашқы деректер египеттіктер заманындағы ескерткіштерде кездеседі. Ең алғашқы көзілдірік те Египет перғауыны Тутанхамонның табытынан табылған. Өте жіңішке қырқылған екі меруертті қола пластинкамен бекітіп қойған. Әрине, мұндай салтанатты көзілдіріктерді тағып жүру бүгінгідей кез келгенге бұйыра бермеген. Қарапайым халық алғашында беттерін папируспен жауып жүретін болған деседі.
Күннен қорғайтын линза есебіндегі меруерттер Ежелгі Рим жерінде де қолданылғандығын байқауға болады. Тарих біздерге Неронның лорнетті еске салатын (тұтқалы, бүктемелі көзілдірік) атақты меруерті туралы әдемі аңызды жеткізіп отыр. Император осы тас арқылы гладиаторлардың төбелесін тамашалаған. Ол осылайша ашық аренада түсетін күн сәулесінен қорғанған болуы керек.
Ең алғашқы күннен қорғайтын көзілдірік туралы деректерді басқа да ұлы өркениетті елдерден көре аламыз. Мәселен, Қытай әйелдері күн сәулесі бетке ерте әжім түсіріп, күздің күңгірттенуіне алып келеді деп ойлаған. Сондықтан да олар өсімдіктердің жапырақтарынан жасалған арнайы қалпақтар (шляпа) киіп жүрген екен. Қытайда "күннен қорғаушыларды" еске салатын көзілдірік те болды, нақтырақ айтсақ, олар қақталған кварц кесінділерінен жасалған. Қытайлықтар мұндай дүниелерді өздерінің эмоциялары мен көздерінің көрінісін жасыру үшін де пайдаланған деседі. Әдетте соттар осындай көзілдірікті тастамайтын болған. Ал аталған көзілдіріктерді Еуропаға жеткізуші - атақты саяхатшы Марко Поло.
Үндістанда талғампаз қыздар қабақтарына қарамайға батырылған жұқа жібек кесінділерін жабыстырып алатын болыпты. Бұл материал бірқилы линзалардың рөлін атқарды.
Жоғарыдағы мәліметтерге қарап, көзілдіріктер тек қана Оңтүстік елдерге ғана керек болған деген пікір қалыптаспауы керек. Олар эскимостарда да болған. Алайда, көзілдірік деп атауға келмейтін секілді. Көзілдірік көздің пішініне сай ойылып, сүйектен жасалған. Көз тұсында металдан жасалған ашылмалы-жабылмалы құрал орнатылды.
Уақыт өтті. Технология дамыды. Бірнеше жылдар бойы күннен қорғайтын көзілдіріктерді дайындау үшін меруерттен басқа, сапфир, рубин сынды асыл тастар қолданылды. Ал олардың бағасы туралы, кімдерге арналып жасалғандығы туралы айтпаса да түсінікті шығар...
Еуропада қара әйнекті көзілдірікті соқырлар ғана киіп жүрген. Мұны XIV ғасырда ғимарат қабырғаларына салынған италиялық суреттерден көруге болады.
Бастапқы кезде жасыл көзілдіріктер кең таралды. Жасыл рең көз қысымын түсіруге көмектеседі. Ал күннен қорғану үшін бұл дұрыс емес таңдау. Көзілдірік таңдау туралы кеңестерімізді мына жерден оқи аласыздар.
Ал көк түсті көзілдіріктерді ағылшын оптигы Джеймс Эскью 1752 жылы жасап шығарды. Алайда, ол мұндай табысының екі данасын ғана сатып үлгерген. Өйткені, дәл сол ғасырда еуропалықтар қара түсті сиқырмен, дуамен байланыстыратын еді.
ХХ ғасырдағы ғылым мен техниканың қарқынды дамуы көптеген салаға елеулі өзгерістер әкелді. Опитка саласы да бей-жай қалмады. Енді әскерге, авиацияға арналған көзілдіріктер шығарыла бастады. Әсіресе, Бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдары көзілдіріктер белсенді қызмет атқара түсті. Ол кездегі көзілдіріктер акварельмен боялатын еді.
Міне, көптен күткен 1920 жылдарға да жеттік. Бұл кезеңде сән, фитнесс, салауатты өмір салты, жағалаулар алдыңғы орынға қойыла бастаған болатын. Кино жұлдыздары, әншілер, спортшылар күннен қорғайтын көзілдірік киіп, ел алдына жиі шығатын болды, көзілдірік - сәнді аксессуарға қалай айналғанын білмей қалды. Оларды сәнге айналдыруда Коко Шанельдің рөлі зор деуге болады. Дәл осы ару "күнге күю" (загар) ұғымын алғаш рет енгізген.
1930 жылдары америкалық Эдвин Ленд поляризациялайтын әйнекті көзілдіріктерді ойлап тапты. Өнертапқыштың арқасында көзілдіріктер арзан бағамен сатылып, қолжетімді бола түсті. Және өз мәртебесін әлі күнге дейін жоғалтқан емес.
Суреттер:vk.com, spletnik.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева