Бітіру кешіне киім таңдауға бірнеше идея
Фото: pinterest.ru

Бітіру кешіне киім таңдауға бірнеше идея

Жақын арада бітіру кештерінің уақыты басталады. Бұл кешке әр қыз әдемі әрі ерекше көйлек кигісі келеді. Осы жылы сәнде болатын стильді әрі қызықты киімдерді ұсынамыз.

Қауырсынмен безендірілген киім
Көйлек, шалбарлы костюм, жейде және белдемше: бітіру кешінде қауырсынмен безендірілген кез келген киімде стильді әрі әсерлі көрінесіз. Киім үлгісі жаз мезгіліне сай болуы үшін және нәзік көріну үшін жібектен тігілген көйлектер мен жейделерге мән беріңіз. Қауырсыны бар жасыл, сары және ақшыл көк секілді ашық түсті де, ақ және қара түсті классикалық киімді де таңдауға болады. Киім үлгісін ерекше аксессуарлармен толықтырған жөн. Ол ашық түсті сөмке, трендке айналған көлемді сырға немесе алқа болуы мүмкін.

Ретро стиліндегі көйлек
Көлемді иық, ерекше жаға, асимметриялық пішім, ілгектер: егер ретро стильді ұнататын болсаңыз, бітіру кешіне арналған ерекше киім үлгісін жасау мүмкіндігін жіберіп алмаңыз. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-шы және 90-шы жылдарының стилінен шабыт алынған модельдерге мән беріңіз. Киім үлгісін әсерлі ету үшін оны ретро стиліндегі шаш үлгісімен толықтырыңыз. Мысалы, өте көлемді немесе голливудтық бұйра салу. 

Асимметриялық пішімдегі қара көйлек
Қарапайым, бірақ ерекше киім үлгісін жасау үшін асимметриялық пішімдегі трендті қара көйлек таңдауға болады. Ол жібек, мақта немесе барқыттан тігілген болуы мүмкін. Бірақ шараның ерекшелігін де ескеру қажет. Егер үсті ашық көйлек таңдасаңыз, оның ұзын болғаны жақсы. Әйтпесе, киім үлгісі бітіру кешіне орынсыз көрінуі мүмкін. Өте ашық макияждан да бас тартқан жөн. Ал ерекше аксессуарлар мұндай кештерге сай келеді.

Інжу топ
Інжуден жасалған әшекейлер мен топтар — осы жаздың басты трендтерінің бірі. Мұндай ерекше топты ақ жейденің, стильді бодидің немесе көйлектің сыртынан киюге болады. Егер інжу топ аламын деп шешсеңіз, оның сапасына аса мән беріңіз. Моншақтар өзара дұрыс бекітілген болуы керек және оны ұзақ кию кезінде ыңғайсыз болмауы тиіс. Мұндай топты ұзын жібек белдемшемен де, белі жоғары тұратын классикалық шалбармен де киюге болады.

Пайеткасы бар көйлек
Егер бітіру кешінде жарқырап жүргіңіз келсе, пайеткасы бар көйлек таңдауға болады. Пайеткасы бар көйлек арқылы аса күш салмай-ақ ерекше киім үлгісін жасауға болады. Егер мұндай көйлектің ашық түсті түріне көзіңіз түссе, аксессуарлардың түстері онымен үйлесімді болуын қадағалаңыз. Мысалы, пайеткалары бар алқызыл көйлекке ақ түсті аксессуарлар мен аяқ киім таңдауды ұсынамыз. Жасыл көйлекпен қара сөмке мен әшекейлер жарасады.

Зефир көйлек
Осы жаздың ең нәзік тренді бітіру кешіне сай келеді. Зефир көйлектер өте жіңішке түймелігі бар босоножкамен және минималистік аксессуарлармен әдемі көрінеді. Егер мини ұзындықтағы киімдер киіп жүрген болсаңыз, оның қысқа түрін таңдауыңызға болады. Мұндай көйлектің нәзік алқызыл және сары реңктегі түрлері де, қанық қара және көк түсті түрлері де сәнді көрінеді.

Түрлі-түсті шалбарлы костюм
Егер көйлектер мен белдемшелер кигенді ұнатпасаңыз, шалбарлы костюм таңдаңыз. Ол тығыз матадан немесе зығыр, жібек, мақта секілді жеңіл маталардан да болуы мүмкін. Бастысы, оның ашық түсті болғаны жақсы. Мысалы, осы жазда алқызыл, қызғылт-сары, көк және жасыл түстер сәнде болады. Ал пиджактың ішінен әдемі жейде немесе топ киюге болады.

Жеңдері үлпілдек көйлек
Ақ және түрлі-түсті жібектен немесе басқа да жеңіл маталардан тігілген көйлек бітіру кешіне жақсы келеді. Әсіресе, нәзік әрі романтикалық стильді ұнатсаңыз, осындай көйлектерге мән беріңіз. Жеңдері үлпілдек көйлекті өте кішкентай сөмкемен және платформасы биік трендті аяқ киіммен үйлестіру ұсынылады. Макияждың нәзік әрі табиғи болғаны жақсы.

А. Жапатова