"Тақиялы" Марияш: "Табыс қуалап мәдениетімізді жоғалтып алмауымыз керек"

"Тақиялы" Марияш: "Табыс қуалап мәдениетімізді жоғалтып алмауымыз керек"
Фото: Марияш Жусуп / @taqiialym

Тик-ток, инстаграм сынды желілермен қатар, бүгінде заман талабына сай жаңарған ұлттық әшекейлер мен бұйымдар сәнге кіре бастады. Соңғы уақытта Наурызда ғана емес, күнделікті өмірде тақияны басынан тастамайтын жастар саны артып келеді. Бүгін @taqiialym атты шағын ісі бар, қолөнермен айналыса отырып, тақияларға қайта жан бітірген талантты бойжеткен Марияш Жусуппен таныстырмақпыз.

Менің аты-жөнім – Марияш Жусуп. Алматы қаласында дүниеге келіп, осы жерде білім алып, бой жеттім. Жасым 21-де. Қазір Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының "Сәулет" факультетінің 4 курс студентімін.

Соңғы уақытта қазақи әшекейлер "трендке" айнала бастады? Сіздің бұл іспен айналыса бастауыңызға не арқау болды?

Өз басым мәдениетімізге келгенде "тренд" сөзінің қолданғанын жақтыртпаймын. Ұлттық әшекейлер мен киімдереміздің сән әлеміндегі өзектілігінің артуы немесе қазақи стильдің модернизациялануы деп атауды жөн коремін.

Тақия тігу идеясына келсек, негізінде мектеп кезінен бастап қазақи нақыштағы жасалған киімдерді заманауи, күнделікті киіммен үйлестіру қызықтыратын. Ұлттық әшекей бұйымдары, камзол, табиғи матадан жасалған көйлектер күнделікті гардеробымның бір бөлігіне айналды. 

Сонымен қатар, Қазақстан тарихын, қазақ мәдениетін терең зерттеуге деген құштарлығым болған. Соңғы уақытта қазақ халқының бас киімдері қызықтыра бастады, көптеген әдебиеттерді, мақалаларды оқып шықтым. Көбінесе  Ибраева К. "Казахский орнамент", Лобачева Н.П. Сазонова М.В. "Традиционная одежда народов Средней Азии и Казахстана", Айша Галимбаеваның иллюстрацияларымен, Сара Есовның басылымында жарық көрген "Казахский народный костюм" секілді кітаптармен таныса отырып,  өзіме пайдалы мәлімет алдым: бас киімдердің жыныс бойынша, жас бойынша қандай түрге бөлінетіні және тағы да басқа керек құнды ақпараттарға қанықтым.

"Перизат" тақиясы

Тұрмысқа шығып, ана атанған әйелдердің бас киімі  кимешек туралы қызықты мәліметтер алдым: бас киімді жаңа босанған әйелдің омырауына салқын тимес үшін, баланы ыңғайлы емізу, емізген кезде баланың бетін күн сәулелерінен қорғау үшін, ал ең бастысы әйелдің ана атанғанын ерекшелеп атап өту мақсатымен киген. Әйел кимешегін шешіп, жерге тастау арқылы арадаға жанжал мен ұрыстарды тоқтататын болған. Бұл сол кезде анаға деген құрметтің соншалықты жоғары болғанын көрсететіндей. 

Ал тұрмысқа шықпаған қыздар әсем безендірілген тақия киген, соған өзім де қызықтым. Әдемі, талғамыма сай келетін, минималистік стильде тақия іздедім, өкінішке қарай, таба алмадым. Көп ойланбай, қолдан тігейін дегене шешімге келдім. Солай, осыдан жарты жыл, бірінші  "Перизат" атты тақиямды тігіп шықтым.

Тігінге қызығушылығыңыз қалай оянды?
Мектепте оқып жүргенде "технология" сабағында әртүрлі тігін бұйымдарын тігуді үйреткен. Қызығушылығым сол кезде оянған. Кейін қабілетімнің барын да аңғара бастадым.

Өзіңіздің ең сүйікті туындыңыз? Тақияларға атау берерде неге мән бересіз?
Алматылық қаласының тумасы болғандықтан шығар, ең сүйікті туындым – "Алатау" тақиясы. Шетелде оқуда жүргенімде осы тақиям жүрегіме жылы, жайлы Алматымды еске салатын. 

"Алатау" тақиясы

Тақияның атауы үлгінің бейнесіне байланысты беріледі. Мысалы, "Қорлан" тақиясы "Жау жүрек мың бала" фильміндегі Қорлан атты кейіпкермен байланысты. Батыл әрі жігерлі бойжеткен бейнесін тақиямның дизайнында көрсетуге тырыстым. Тақия атаулары адам есімдерінің мағынасына байланысты қойылады. "Перизат" есімі – сұлу, сымбатты деген мағынаны береді, тақия да соны көрсетуі тиіс.

Қазиқи нақыштағы қолөнерді әлемдік брендке айналдыру ықтималдылығы қандай?
Өте жоғары. Жоғарыда айтып кеткенімдей, біраз уақыт Италия мемлекетінде білім алдым. Сол кезде Еуропа мемлекеттерінің ұлт өкілдері менің тақияларыма, тағып жүрген әшекей бұйымдарына ерекше қызығушылықпен қарайтын. Көбісі әдемілігіне тамсанғаны соншалықты, тіпті тапсырыс беруге ниеттерін білдірді. Осыны ескере отырып, ұлттық қолөнеріміз бүкіл әлемді тамсандыратынына сенімдімін.

Тақияны дайындау сатылары қандай?
Негізгі бес сатыны атап шыға аламын. Олар:
1) Үлгі дизайнын ойлап табу.
2) Үлгіні орындау және сынау.
3)Тігін тігудің технологиялық картасын құру.
4) Дайындық кезеңі және материалдардан бөлшектерді кесу.
5) Тігін тігу, өңдеу және әрлеу.

Осы сатыларға кірмейтін мата таңдау, әшекей бұйымдарды жасап шығару, дайын тақияны арнайы дизайнмен шығарылан орамамен орау секілді сатылар бар.

Болашаққа жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз
Ісім қазіргі таңда кішігірім, сонымен қатар жоғарғы оқу орнында оқып жатырмын. Сол себепті ісімді асықпай дамытуды көздеп отырмын. Жақын болашақта жаңашылдандырылған, көше стиліндегі заманауи киіммен үйлесетін тақиялар шығарғым келеді.

Тақия тігуде басқа, қандай хоббилеріңіз бар?
Хоббилеріме туризм, әуесқой фотосурет, аспаздық, пианино тарту, сурет салуды жатқыза аламын.

Көптің арасынан озып шығу үшін шеберге қандай қасиеттер керек?
Менің ойымша өзіндік, қайталанбас стильдің болуы – ең маңызды критерий. Өзге шеберлердің үлгілерін қайталамай, затын тек әдемі қылып жасап шықпай, өндіріс барысында теориялық білімін нығайтып, ең кіші детальдарына дейін мән беру керек. Қазіргі кезде көптеген тігіншілер сәукеле деп моңғол халқының ұлттық "буктаг" бас киімін жасап сатып жатыр. Табыс қуалап мәдениетімізді жоғалтып алмауымыз керек. 

Сонымен қатар, адал еңбек жасап, әріптестерге құрметпен қарап және тапсырыс берушінің алдында шынайылық  пен сыйластық таныту маңызды.

Ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін рақмет, Марияш. Сізге сәттілік тілейміз!

Т. Есқали