2021 жылы қай түстер трендте болады?

2021 жылы қай түстер трендте болады?
Фото: pantone.com

Pantone түстер институты 2000 жылдан бері трендте болатын түстерді анықтап келеді. Олар өз зерттеулерін әр жылдың желтоқсан айында жариялайды. Жақында 2021 жылдың басты түстерін анықтады. Түр-түс сарапшылары келер жылға ашық сары (PANTONE 13-0647 Illuminating) және қою сұр (Pantone 17-5104 Ultimate Gray) түстерді таңдаған.

Pantone түстер институты көбіне бір түсті ғана таңдайтын. Келер жылға екі түсті қатар таңдаған. Ұйым директоры Леатрис Эйсманның айтуынша, "бұл түстер адамға шыдамдылық пен үміт сыйлайды" дейді.

"PANTONE 13-0647 Illuminating – күн шапағы секілді ашық сары түс, энергия сыйлайды, жанды жылытады. PANTONE 17-5104 Ultimate Gray болса беріктікті, шыдамдылықты сездіреді", - дейді институт мамандары.

Жылдың басты түсі сән, үй жиһазы, өнеркәсіп дизайны, медиадағы графика мен жарнама саласына да әсер етеді. Көбі осы түсті таңдауға тырысады.

Pantone түстерді жайдан-жай таңдамайды. Олар түрлі трендтерді талдау арқылы зерттеу жасайды. Ойын-сауық, кино, суретшілердің өнер туындылары, сән және дизайн салаларын барынша зерделейді. Сол арқылы барып жыл түсін анықтайды.

Айта кетейік,  Pantone 2020 жылдың басты түсі ретінде классикалық көк түсті таңдаған болатын.

Түстің адам психологиясы мен көңіл-күйіне әсері зор. Әр адамның түр-түсті қабылдау ерекшелігі де әртүрлі. Бұл қасиет адам мінезіне, жасына, көңіл-күйіне және басқа да жайларға байланысты. Сондай-ақ түр-түстер ағзаға тікелей әсер етеді, адамды ерекше күйге бөлейді.

Н. Үсенова