Маникюрдегі жаңа тренд

Маникюрдегі жаңа тренд
Фото: pinterest.com

Атақты дизайнерлер ұсынған сәнді киімдер мен олар ұйымдастырған сән көрсетілімдері қарапайым халыққа "біртүрлі" болып көрінуі мүмкін. Алайда, дизайнер мен оның тобындағы кәсіби мамандар сән көрсетіліміне бар күштерін жұмсап, әр деталіне дейін ойластырады.

Халықаралық деңгейде өтіп жатқан сән көрсетілімдерінен соң сән әлемінде жаңа трендтер пайда болады. Сондықтан оларды қарап, ішінен өзіңізге керек нәрсе алуға болады.

Дизайнерлер сән көрсетіліміне модельдерді дайындағанда тек киіміне ғана мән бермей, олардың шаш үлгісі, макияжы және маникюріне жауап беретін мамандармен жұмыс істейді. Солай beauty-трендтер де пайда болады.

Қазір атақты брендтер күз-қыс 2019-2020 топтамаларын ұсынып жатыр. Солардың бірі – Schiaparelli брендіне арналған дизайнер Дэниел Розберридің алғашқы топтамасы. Бұл топтамада ерекше киімдермен қатар модельдердің маникюрі де көзге түсті: маникюр мен сақиналардың үйлесіміне зейін қойылған. Мысалы, жылтыр көк түсті лак пен сондай түсті сақиналар өте әдемі әрі ерекше көрінді. Оның үстіне бір қолға бірнеше сақина тағу да соңғы бірнеше жылдықта кеңінен тарады. Енді жақында сәнқойлар мен блогерлерден маникюр мен сақиналардың осындай үйлесімін жиі көруіңіз әбден мүмкін.

А. Жапатова