Сәнді аксессуар: Баска

Баскалар соңғы онжылдықта түрлі өзгерісте болды: бір кездері футляр көйлексіз, баскасы бар топсыз классикалық кеңсе киім үлгісі болмайтын. Алайда ол ұзаққа созылмай, баскасы бар киімдер сәннен шығып та үлгерді. Басты тенденциялар қатарына еніп те, антитрендтер қатарында болып та үлгерген баскалар мінекей, осы жылы жаңа түрде қайта оралды.

Соңғы бірнеше жыл көлемді свитерлер, оверсайз киімдер, өте үлкен күрткелер сәнде болғандықтан, дизайнерлер нәзіктікті, сымбатты дене пішінін айқындайтын аксессуарды қайта қолдануды жөн көрді. Баска "құмсағат" әсерін оңай жасай алады. Егер дене пішінін визуалды түрде өзгертетін лайфхактар қолданып жүрген болсаңыз және бұл міндетті шешетін зат іздеп жүрсеңіз, баскаға көз салыңыз.

Бір-бірін жылдам ауыстыратын сәнді тенденциялар әлемінде кей сәнді заттарды адамдар қарап, сатып алып үлгермей де жатыр. Алайда сән жаңа трендтерді болашақтан емес, өткен шақтан алып жатқанын ескеріңіз. Басканы қазір футболканың, пенжектің, көйлектің және басқа да кез келген киімнің сыртынан таға аласыз. Бұрын белбеуді қалай қолдансаңыз, басканы солай тағыңыз.

Басканы бұрынғыша кеңсе киіміне сәйкестіндіруге болады. Алайда жаңа тренд бойынша оны кеңселік шалбардың немесе пенжектің түсіне сай келтіріп, монохромды етіп киген жөн. 

Бұл аксессуардың кең тараған және сән көрсетілімдерінде жиі кездескен түрі – былғары баска. Былғары басканы кез келген киімнің сыртынан тағып, беліңізді айқындауға болады. Сонымен қатар, ол арқылы кез келген қарапайым киім үлгісін ерекше етіп түрлендіруге болады.

Соңғы жылдары киімдегі көпқабаттылықтың сәнде екенін білеміз. Оны дизайнерлер басканың көмегімен де жасаған. Мысалы, көйлектің немесе белдемшенің сыртынан тағы бір қысқа белдемше кигендей әсер жасап, арнайы солай тігілген баска тағуға болады. Ол ерекше әрі сәнді көрінеді.