Сәннен шықпайтын сөмкелер #2

Сәннен шықпайтын сөмкелер #2

Сәнді тенденциялар бір-бірінің орнын басып, көп ұзамай танымалдылығын жоғалтып жататын сән әлемінде орнында нық тұрған және одан әрі дамып жатқан да үлгілер бар. Мысалы: Louis Vuitton, Chanel, Dior және т.б сөмкелері. Олардың кейбіреулері жыл өткен сайын сирек данаға айналып, бағасы одан әрі көтерілуде.

Басы

Chanel Flap Bag (2.55)

Бауы бар сырмалы Chanel сөмкесінің классикалық үлгісі – әлемдегі ең танымалы сөмке. 1929 жылы Коко Шанель өзінің бұл пайдалы сөмкесінің бірінші нұсқасын ойлап шығарды. Бірақ оны тек қолда ұстап жүру керек болды. Алайда Ұлы мадемуазель 26 жыл өткен соң әлемге бұл сөмкенің иыққа асып жүруге болатын түрін таныстырды.

"Мен сөмкені қолыма ұстап жүруден шаршадым, оған қоса оны үнемі жоғалтып жүремін", - деді 1954 жылы Коко Шанель. Сондықтан 1955 жылы ақпан айында мадмуазель Шанель ұзын бауы бар шағын төртбұрышты сөмке ұсынды. Әйелдер алғаш рет сөмкені ыңғайлы асып жүру мүмкіндігіне ие болды.

Сөмкені 2.55 деп атады: бұл сөмкенің шыққан мерзімін (ақпан айы, 1955 жыл) білдіреді. Бастапқыда сөмке тек қара түсте шығарылды, қара түс – Коко Шанельдің сүйікті түсі. Алайда бір жылдан аз уақыттың ішінде 2.55 сөмкесінің түрлі түсті нұсқалары шықты.

Сөмкенің өз ерекшеліктері бар. Сөмкенің қою қызыл астары монастырьдағы монах әйелдердің киім түсін қайталайды. 2.55 сөмкесінің сыдырма ілгегі бар ішкі қалтасына Коко өзінің сүйіспеншілік хаттарын сақтаған делінеді. Сөмкенің артқы жағындағы сыртқы қалтасына ақша сақтауға болады. Сөмкені асуға арналған шынжыр бау да монах әйелдерден (олар шынжыр бауға кілт іліп жүрген) алынған.

Белла Хадид, Ким Кардашьян, Блейк Лайвли, Энн Хэтэуэй

Бастапқыда сөмкенің "Mademoiselle Lock" ("Мадемуазель құлпы") деген жазуы бар төртбұрышты ілгегі болады. 1980 жылдары Карл Лагерфельд 2.55 сөмкесінің ілгегін бір-біріне қарама-қарсы бағытталған және қиылысқан екі "С" әрпіне, яғни Chanel логотипіне ауыстырды. Сонымен қатар, шынжыр бау былғары лентамен қоса өрілді.

Қазір шынжыр бауы бар сырмалы сөмке көптеген сән үйлерінің әр топтамаларынан көруге болады. Сонымен қатар, бренд жылдан жылға сөмкенің тиражын азайтып, бағасын көтеріп жатыр.

Louis Vuitton Speedy Bag

Louis Vuitton-нің белгілі Speedy үлгісіне 50 жылдан асты. Бренд негізін салушының баласы Жорж Виттон 1930 жылы Keepall жол сөмкесін ойлап табады.

Одри Хепберн

Бұл жол сандықты атақты актриса Одри Хепберн қатты ұнататын, ол Жоржға сөмкенің өте үлкендігі үшін күнде ұстай алмайтындығын айтып арызданады. Сол кезде Жорж оның кішірейтілген көшірмесін шығарып, оны Speedy деп атайды.

2001 жылғы Стивен Спрустің және 2017 жылғы Джефф Кунстің Louis Vuitton-ға арналған топтамасы

1997 жылы Louis Vuitton сән үйінің креативті директоры Марк Джейкобс болады. Содан бастап бренд киім мен әшекей шығара бастайды. Сонымен қатар, бұл марка алғаш рет суретшілермен бірге құызмет істеуге бел буады. Speedy сөмкесі басқа бұйымдар секілді шығармашылық тәжірибе объектісіне  айналды.

Tom Ford Jennifer Bag

Том Форд бренді иіссумен, көзілдірікпен және тартымды киімдермен ассоциацияланады. Бұл қатарға сөмке кірмейді, алайда олардың бір белгілі сөмкесі бар – Jennifer Bag.

Ол атақты америкалық актриса Дженнифер Энистонның атымен аталған. Атақты актрисада бұл ыңғайлы аксессуардың барлық мүмкін түрлері бар. Дженнифердің күнделікті еркін киім үлгісі Tom Ford сөмкесіне ең керемет жарнама болды.

Дженнифер Энистон

Сөмкенің артықшылықтары көп: біріншіден, сөмке берік теріден жасалған және бірнеше түсте шығарылған; екіншіден, сыдырма ілгекті ағыту арқылы сөмке көлемін үлкейтуге болады.

Жалғасы бар...




ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Құсбегілер бәсі
Marhaba Sabi - Marsqa
NINETY ONE - QIYALMAN