Нюд маникюрі

Нюд маникюрі
Фото: pinterest.com

Табиғи сұлулық пен қарапайымдылық – заманауи сәннің басты аспектілері. Адамдар жабыстырылған тырнақ пен күрделі дизайннан шаршады. Қазір табиғи әрі стильді нюд маникюрі трендке айналды.

Маникюрге арналған лактың көптігіне қарамастан дене түстес реңдер трендтік бояулар ішінде алда келеді. Себебі нюд маникюрінің артықшылықтары көп:

1. Әмбебап. Нәзік рең кез келген жастағы қыздар мен әйелдерге жараса береді. Сонымен қатар, тері түстес лак кез келген ұзындықтағы тырнаққа үйлесімді.

2. Қолайлылық. Дене түстес реңді маникюр кез келген жағдайға сай келеді. Ол күндізгі және кешкі киім үлгісіне де жараса кетеді.

3. Табиғилық. Нюд маникюрінен де артық табиғи көрінетін басқа маникюр түрі жоқ. Мұндай маникюр қолдың табиғи сұлулығын ерекшелейді, оны жинақы әрі әдемі көрсетеді.

4. Жинақылық. Ақшыл сары рең қолға күтімді түр сыйлайды. Тіпті, лакта жырық пайда болса да, қанық  түсті лактағы секілді қатты көрінбейді.

5. Үйлесімділік. Дене түстес реңді лактар көптеген басқа түстермен жақсы үйлесе кетеді.

Nude маникюріне арналған сәнді тырнақ пішіні

Тырнақ пішініне қойылатын қатаң шектеу жоқ, бірақ сәнді тенденциялар бар. Олар нюд маникюріне арналған бірнеше тырнақ пішінін ұсынады:

Бадам дәні тәрізді. Ол қыздардың табиғи тырнағының пішінін қайталайды. Бұл пішін бадам жаңғағына ұқсайды. Оның ұшы шамалы сүйірленген және сопақша пішінді болып келеді. Бұл пішін қысқа және орташа ұзындыққа жақсы келеді.

Squoval. Бұл пішін түрін "жұмсақ квадрат" десе де болады. Оның пішіні қарапайым квадрат секілді, ал бұрыштары жайлап дөңгелектенген. Бұл орташа ұзындықтағы тырнаққа дәл келеді.

"Балерина". Тырнақ дизайнерлері жаңа пішін іздеу кезінде "балерина" деп аталатын өте әдемі, нәзік тырнақ пішінін ұсынды. Ол балеринаның аяқ киіміне ұқсайтындықтан осы атауды алды. Ол квадрат пен үшбұрыштың қосындысынан шыққан. Мұндай пішінді тырнақтың өсіп кеткен түрі трапецияға ұқсайды.

Тері түсіне қарай лак түсін таңдайық

Nude маникюрі сәтті шығу үшін лак түсін таңдай білу керек. Тері реңімен бірдей етіп лак таңдаудың қажеті жоқ. Ең дұрысы, нюдті лак тері түсіне қарағанда 2-3 реңкке қоюлау болуы керек.

Ақшыл тері. Егер теріңіз ақшыл болса, аздап алқызыл реңі бар нюд түстер жақсы келеді. Лактың жартылай мөлдір түрін таңдаңыз, бірақ оны бірнеше қабаттап жағудың қажеті жоқ. Қол сұлулығын сәл айқындаудың өзі жеткілікті.

Қараторы тері. Қара және қараторы теріге жеңіл кремді қоңырдың, ақшыл-кофенің реңкі бар ақшыл сары түстер жарасады. Бұл жағдайда нюдтің сарғылт реңдерін таңдамаңыз.

Сарғыш түс. Мұндай тері түсіне кремді ақшыл сары түсті лактар келеді. Сарғыш теріде дене түстес бояудың барлық ақшыл реңдері жақсы көрінеді. Сонымен қатар шабдалы реңі нюдке мән беріңіз.

Нюд дизайнының сәнді түрлері

Нюд маникюрін жасауда түсі мен пішінінен бөлек дизайн әдістерін де білген жөн. Nail-арттың соңғы жаңалықтары мынадай:

- Минимализм. Толған тастармен, жылтырлармен әшекейленген тырнақ бір кездері сәнде болды. Бірақ қазір табиғи сұлулық пен қарапайымдылыққа аса мән беріледі. Сондықтан, біртүсті тырнаққа және барынша минимализмге мән беріңіз.

- Nude + Black. Қазір ақшыл сары, алқызыл, кремді реңдердің қара лакпен үйлесімі кең тараған. Бір тырнаққа ақшыл сары лактың үстіне қара лакпен өрнек салуға болады. Маникюр трендті болу үшін ақшыл лактың бетіне қара нүкте салғанның өзі жеткілікті.

- Геометрия. Тырнақтағы жолақтар, сызықтар және геометриялық пішіндер әлі де сәнде келеді.

- Градиент. Бір түстің екінші түске ауысуы тек шаш және киім үлгісінде ғана емес, сонымен қатар тырнақ дизайнында да трендке айналды. 

- Мәрмәр. Тағы бір сәнді тенденция – мәрмәр маникюріне кремді түс жақсы негіз бола алады.

- Жұқалтыр. Күміс немесе алтын жұқалтыр жолақтарын дене түстес лактармен үйлестіру – нюд маникюріндегі тағы бір тренд.

Минималистік тенденция маникюрде тас, жылтыр және суреттердің болуына тыйым салмайды. Бірақ оларды аз мөлшерде қолдануды ұсынады. Табиғи сұлулығыңызды бірнеше қабат лактың және ауыр тастардың астына тықпаңыз. Сәнде нәзіктік, қарапайымдылық және табиғилық екенін ұмытпаңыз.

Жазғы маникюрдің сәнді реңктері

А. Жапатова