Киімдегі бохо стилі

Киімдегі бохо стилі

Нәзіктік, ерекшелік және шектеудің жоқтығы – киімдегі бохо стилін осындай бірнеше сөзбен суреттеуге болады. Еркіндікті жақсы көретін "богемалықтардың" киім үлгісі сән көрсетілімдерінде жиі кездесетін болып жүр. Бохо стиліндегі киім үлгісі қаншалықты ретсіз көрінгенімен, ол да кей ережелерге бағынады. Оларды меңгеру қиын емес, бастысы, "богемалық" стильді сезіне білу маңызды.

Бохо – ең алдымен, ерекше және көпқабатты микс. Ол өзіне әртүрлі стильдердің элементтерін қосады: гранж, кантри, сыған, готикалық, винтаж, хиппи және этно. Стильдің басты тұжырымдамасы – жалпы қабылданған шектеуден шығу. Бохо стилінің екінші маңызды құрауышы – ыңғайлылық. Яғни, киім тек стильді емес, сонымен қатар ыңғайлы болуы керек. Бұл стильдегі киімдерге табиғи материалдар таңдалады және ол қозғалысқа ыңғайсыздық тудырмайтындай тігіледі. Бұл стильдің тағы бір ерекшелігі – үйлеспейтін құрауыштарды үйлестіру. Мысалы, бір киім үлгісінде қымбатқа сатып алынған дизайнерлік көйлек пен көшеден сатып алынған винтажды ескі бижутерия үйлесімі болуы мүмкін.

Бохо стилін бағалайтындар әрдайым шығармашыл адамдар (суретшілер, музыканттар, ақындар) болған. Олар бұл әдемі стильден еркіндік рухын көре білген.

Бохо стилі қалай пайда болды?

Бохо стилі сыған мәдениетімен тығыз байланысты. Оның атауы "вohemiens" француз сөзінен шыққан. Богемалықтар деп Богемиядан (Чехия аймағы) Францияға өткен сығандарды атаған. Көшпелі әйелдер өте жарқын киініп, көзге бірден түсетін, көп қабатты әшекейлер таққан. Олардың ерекше киім стилі назарсыз қалмаған.

XVIII ғасырда Францияның суретші студенттері қоғамға шақыру тастап, сығандардың киіміне ұқсас киінген. XX ғасырда сығандық сарын еркін хиппи үлгісіне айналды. 2000-жылдары ғана бохо стилі сән әлемінің трендті бағытына айнала бастады.  

Бохо стилінің бағыттары

Бохо стилінің бірнеше бағыттары бар. Олардың әрқайсысы өз "мәнерімен" ерекшеленеді.

Бохо-классик. Бұл үлгі көптеген биязы киімдерден құралады: еденге дейін жететін ирелең белдемше, әдемі желетке және салтанатты маталар (барқыт, велюр, парча, жаккард). Нәзіктік тақырыбына шілтер де кіреді. Трикотаж бен жүннің кей түрлерінің қолдан тоқылған түрлері де жиі қолданылады.

Бохо-хиппи. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл бағытқа хиппи стилі әсер еткен. Бұл дегеніміз киім үлгісінде көбірек шашақ, алабажақ ашық түсті әшекейлер, клеш шалбар, қолпылдақ және тоқылған киімдер болады.

Бохо-эко. Тек табиғи маталар қолданылады: мақта, зығыр, жүн. Винтажды заттар мен нәзік киімдер үйлесімі болуы мүмкін. Жұмсақ, табиғи түстер қолданылады.

Бохо-гламур. Бұл романтикалық киім үлгісін жасауға болатын бохо стилінің ең әдемі бағыты. Оған жиі жеңіл, ирелең фактуралар қолданылады. Мысалы: шифон. Киім үлгісі гүл, бант, гипюр және терімен толықтырылуы мүмкін.

Бохо-casual. Бұл мегаполис талаптарына жақындатылған стиль. Ол классикалық casual стилінен ұстамдылық және қарапайымдылықты алған. Ал боходан оған этникалық сарын берілген: фольклорлық элементтері бар орамал, шашағы бар сөмке, желбіршегі бар жейде немесе өрнегі бар топ.

Салтанатты бохо(Бохо-шик). Салтанатты бохо – қазіргі кездегі ең трендті бағыт. Оның міндетті атрибуттары: винтажды киімдер, шілтер, желбіреуіштер және бүрмелер. Аксессуар ретінде винтажды клатч, қолдан жасалған бижутерия және қалпақ қолдануға болады.

Бохо стилі кімдерге келеді?

Бохо нәзіктік пен ыңғайлылық үйлесімін жақсы көретіндердің бәріне келеді. Егер бұл үлгіде киінген әйелдерге қарасаңыз, бәрі бірдей нәзік, романтикалық көрінеді. Сонымен қатар, қозғалысқа кедергі келтірмейді. Ең бастысы, мұндай киім үлгісінде өзіңізді дара тұлға ретінде сезінесіз. Жасқа келетін болсақ, ол кез келген жастағы әйел затына жараса береді.

Бохо стилінің басты құрауыштары

- Көпқабаттылық. Бохо стилінде қабат-қабат киім кие беруге болады. Мысалы, пальтодан ұзын белдемше немесе көйлек кие бере аласыз және джинс шалбарының сыртынан ойығы бар ұзын көйлек киюге болады.

- Табиғи мата. Ешқандай синтетика болмайды, тек табиғи маталарға мән беріңіз. Себебі бохо стилі барынша табиғи көрінуі керек. Бұл стильде ешқандай жасандылық жоқ.

- Түрлі фактура. Бір киім үлгісінде шілтер, жиектеме, нәзік мөлдір мата және зығыр да бірге кездесуі мүмкін. Бохо осындай бірнеше ерекше фактуралардан құралуымен ерекшеленеді.

- Табиғи түс. Бохода тек табиғи түстер қолданылады. Олар жиі жұмсақ түстер.

- Желбіршек. Жиі бүрмелер, асимметриялық немесе қиылған пішім қолданылады.

- Handmade деталі. Бохоның ерекше белгісі – қайталанбаушылық. Қолдан жасалған әшекей тағу арқылы ерекшелікке жету оңай. Мысалы, қолдан жасалған бижутерия немесе этникалық стильде дайындалған кеудеше.

- Көпқабатты аксессуарлар. Бірнеше қабат моншақ, бірнеше түрлі білезік, шынжыр белдіктер – "богемалықтардың" негізгі элементтері. Сабан қалпақ, ерекше пішінді handmade сөмке және т.б – бохо стилінің міндетті заттары.

- Ыңғайлы аяқ киім. Аяқ киімге келсек, ол табиғи теріден жасалған және этно элементтерімен жасалғаны жөн. Бохо стиліне бақташы аяқ киімі, "римдік" сандал, "гладиатор" аяқ киімі, өрілген тәпішкелер, казак етігі, шашағы бар бәтеңке, табиғи теріден жасалған туфлиі жақсы келеді. Жиі өкшесі жоқ аяқ киім таңдалады, себебі бохо стиль ыңғайлы болуы керек.

Шашағы бар сәнді аяқ киімдер

Бохо стиліндегі 10 базалық киім

Бохо стиліндегі бірнеше базалық киім алсаңыз, олармен түрлі киім үлгісін жасауға болады.

1.Бос тұратын туника немесе жейде. Бос тұратын үстіге киетін киім клеш шалбармен, ұзын белдемшемен және қысқа шортымен жақсы үйлеседі.

2. Жилет. Ол классикалық болуы мүмкін, бірақ фольклорлық стильде өрнегі болғаны дұрыс. Оның матасы әртүрлі болуы мүмкін: деним, тері, жүн.

3. Ұзын белдемше. Ұзын белдемше – "богемалық" мәдениеттің міндетті элементі. Ол бірнеше қабатты болуы мүмкін. Оның желбіреуіштері, шілтері болса да жақсы.

4. Шарф, орамал. Фольклорлық, геометриялық суреттері бар түрлі түсті орамал мен шарф алыңыз.

5. Кең көйлек. Бохо стилі негізінен нәзіктікке, биязылыққа бағытталады. Сондықтан ұзын әрі кең көйлек таңдаңыз. Егер қысқа көйлек таңдасаңыз, оның денеге жабысып тұратын емес, кең түріне мән беріңіз.

6. Тоқылған кардиган мен жемпір. Қолдан тоқылған кең, пішінсіз жемпірлерге көз салыңыз.

7. Қалпақ. Қалпаққа арналған керемет материал – сабан немесе жұқа киіз. Қалпақ ұзын сарафанмен және ретро стиліндегі көзілдірікпен жақсы үйлеседі.

8. Клеш. Богемдық киім үлгісіне клеш шалбарлар ерекшелік сыйлайды. Оны кең тұратын жейдемен немесе қысқа топтармен үйлестіруге болады.

9. Пішінсіз сөмке. Өрілген немесе қолдан жасалған сөмке таңдаңыз. Ол бисермен безендірілген немесе шашағы бар болуы мүмкін.

Тренд: Сабаннан тоқылған сөмке

10. Бижутерия. Ерекше әшекей киім үлгісін айқындай түседі.

Бохо – киімдегі стиль ғана емес, сонымен қатар өзіңізді көрсету мүмкіндігі. Бұл міндетті түрде нақты ережелермен жүретін стиль емес, ол адамның ішкі дүниесінің айнасы. Бұл стильді әркім әрқалай сезінеді. Сол кезде киім үлгісі басқаларына ұқсамайтын бірегей бола түседі.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар