- Негізгі бет
- Сән
- Көктем-жаз 2019: сәнді...
Көктем-жаз 2019: сәнді принттер
Көктем-жаз 2019 мерзімінің сәнді принттері нәзік әрі романтикалық бола түсті. Трендтердің көпшілігі бұрынғы мерзімдерден келді, алайда жаңа трендтер де бар. Сән көрсетілімдерінде жағажай тақырыбы ерекше орын алды. Дизайнерлер өз топтамаларында теңіз көңіл күйін сыйлауға барынша тырысқан. Ендеше, көктем-жаз мерзімінде қандай принттер сәнде болатындығына тоқталайық.
Бұршақ
Киімде бұршақ аздық етпейді. Бұршақты белдемше, көйлек немесе шалбар кисеңіз де, нәзік әрі салтанатты көрінесіз. Бұршақтың барлық түрі сәнде болады: ірі, ұсақ, түрлі түсті, нюдті. Бірақ сұранысқа иесі – ақ-қара классикалық түрі болып қалады.
Гүл
Нәзік көктем-жаз топтамасы гүлге толы болды. Түймедақ, раушан және сарғалдақ трендті топтаманың маталарында гүлдей түсті. Бір қызығы, осы уақытқа дейін сәнде болған ұсақ гүлдер көрінбей, оның орнына ірі, көзге бірден түсетін гүлдер келді.
Біріктірілген принт
Бір киімде жануар тақырыбын, жолақ, тор, бұршақ және басқа да суреттерді біріктіру жаңа идея емес. Бірнеше мерзім бұрын біріктірілген тренд сән әлемін жаулап алды. Бір мерзімнен екінші мерзімге ауысу арқылы әрдайым өзгеріп отырды. Көктем-жаз 2019 топтамасында ол одан әрі ашық және ерекше бола түсті. Бұл мерзімдегі тренд бойынша бір киімде қаншалықты принт көп болса, ол соншалықты сәнді көрінеді.
Жыртқыш тақырыбы
Жылан, қолтырауын, қабылан және жолбарыс терісіне ұқсатылып жасалған киімдердің ұзақ уақыт трендте келе жатқаны бекер емес. Жыртқыш тақырыбы батыл және еркін амазонка әйелдерді еске түсіреді.
Градиент
Омбре бояу техникасын белсенді қолданатын тек шаштараздар емес. Қазір бір түстен басқа түске ауысатын маталар танымалдыққа ие. Бұрын ашық түстен қою түске біртіндеп ауысатын реңктер сәнде болатын. Ал қазір омбреге бірнеше түрлі түс қолданылуы мүмкін. Градиенттің түсі қанық және қарама-қарсы түстер болуы әбден мүмкін.
Жағажай тақырыбы
Жазды жағажайсыз, күнсіз елестету мүмкін емес. Дизайнерлер де жағажай тақырыбы туралы ұмытпады. Сумен, жағажай демалысымен байланысты кез келген принт сәнде болады.
Tie dye
Матаны оралған және байланған күйде бояу техникасы – 2019 жылғы көктемнің басты тренді. Матаны қалпына келтіргенде онда өзіндік өрнектер пайда болады. Мұндай суреттер 1980-жылдары белсенді қолданылған болатын. Байқағаныңыздай, соңғы кездері сол жылдардағы трендтер қайтадан оралуда. Сондықтан да Tie dye техникасы сәнді топтамалардан қайтадан орын алып жатыр.
Ұсақ жолақ
Биылғы сән көрсетілімдерінен әдеттегі ақ-қара жолақтар көріне қоймады. Оның орнына нәзік түсті жолақтар келді. Олар өте жіңішке болуы керек және негізгі ақ киім түсінен аса айырмашылығы болмауы тиіс.
Орамал принті
Көктем-жаз 2019 сәнінде орамал принті жаңа тұсынан көрінді. Бұрын орамалдардан көріп жүрген суреттердің барлығы енді киімдерге көшті. Орамал принті туралы жеке тоқталып кеттік.
Құстың суреті және геометрия
Сән көрсетілімдерінен ақ түсті көйлекке бейнеленген қанық түсті әдемі құстар да кездесті. Сонымен қатар геометриялық пішіндер мен сызықтар да сәнде болады. Олардың ретсіз орналасқаны жөн. Геометриялық сызықтар қатаң болса да, олармен безендірілген көйлек нәзік көрінеді.
А. Жапатова