Көктем-жаз 2018: Күннен қорғайтын көзілдірік

Көктем-жаз 2018: Күннен қорғайтын көзілдірік
Фото: differed.ru

2018 жылғы көктем-жаз мерзімінің күннен қорғайтын сәнді көзілдірігі – футуристік тенденция, көзге түсер әшекей және геометриялық сызықтардан тұрады. Дизайнерлер көзілдірік өлшемімен, пішінімен және линза түсімен тәжірибе жасаған. Алайда, бұл мерзімде классикалық үлгілерге де орын табылды.

Sci-fi көзілдірігі

90-шы жылдардағы «Матрица» фильмінің кейіпкерлеріндегідей көзілдірік танымалдыққа ие болды. Көзілдіріктің бұл түрі sci-fi деп аталады, оны сәнді брендтердің барлығы дерлік өз топтамасына қосқан. Олар Fenty x Puma мен Stella McCartney модельдеріндегідей ашық элементтері бар спорттық стильде орындалуы мүмкін.

Sci-fi көзілдірігінің толық жиектемесі болады және Louis Vuitton мен Parabal Gurung ұсынғандай тек төменгі немесе жоғарғы линзаны жиектеп тұруы мүмкін.

Күтпеген шешім – «Матрица» кейіпкерлеріндегідей емес, түрлі түсті мөлдір линзасы бар sci-fi көзілдірігі. Мұндай көзілдірік үлгілерін Parabal Gurung және Sonia Rykiel ұсынды.

Дөңгелек көзілдірік

Дөңгелек көзілдіріктер 2018 жылғы көктем-жаз мерзімінде екінші орынды алды. Классика, ретро, жылтырақтар – бұлардың барлығы дөңгелек көзілдірікке біріктірілген. Линза өлшемі түрлі болуы мүмкін. Оның шағын үлгілері де, үлкен oversize жиектемесі де сәнде болады.

Шаршы және төртбұрышты пішінді көзілдірік

Төртбұрышты пішінді көзілдіріктер де сәнді тенденция тізімінде бар. Қарама-қарсы түсті жалпақ жиектемелі пластикалық көзілдіріктер сәнде болады.

Сәнді геометрия тақырыбын қатаң тік төртбұрышты пішінді күннен қорғайтын көзілдіріктер жалғастырады. Олар стильді және бірегей тұлғалардың жүрегін жаулауда. Көктем-жаз мерзімінде өте нәзік имек тұтқасы бар жіңішке тік төртбұрышты көзілдіріктер сәнге келді. Оларда қандай да бір жұмбақтылық пен футуризм екпіні бар.

Авиаторлар

Авиаторлар – дизайнерлер бас тарта алмайтын аңызға айналған көзілдірік. Олар 2018 жылғы көктем-жаз мерзімінде жалпы қолданыстағы стандартты үлгісінен бас тартып, оның oversize түрлерін ұсынды. Сәнге беттің көп бөлігін жабатын көлемді түрлері енді. Қара-көк (индиго) түсті үлкен авиаторлар осы мерзімнің ең сәнді аксессуарларының біріне айналды.

«Мысық көз» көзілдірігі

2018 жылы мұндай көзілдірікке деген сұраныс аздап азайды. Бірақ, сонда да дизайнерлер оның сыртқы түріне өзгерістер енгізді. Оның «мысық көз» жиектемесіне ерекше фантастикалық түр берді.

А. Жапатова