Шашты химиялық жолмен түзеу

Шашты химиялық жолмен түзеу

Құрбым, сіздің шашыңыз қандай? Түзу ме? Демек сіз шашыңыздың бұйра болғанын қалап жүрсіз. Ал табиғат бұйырған бұйра шаш та нәзік жандыларға жаққан емес. Өйткені олар да «шашым түп-түзу болғандай ғой, шіркін» деп керісінше ойлайды. Мұныма қарсы шығар қайсыңыз бар? Сол арман түні бойы көз ілдірмей не шаш түзегіш сатып алу үшін дүкенге жетектеп алып барады, не шашты ұзақ мерзімге түзету үшін сұлулық салонына сүйрейді. Әйтеуір сол арманыңыз жасарын жасатып, табан астында теңіз толқынындай майысып бұйраланып тұрған шашыңызды таси аққан өзен суындай қылып түзулетіп аласыз! Иә, сөз жоқ, егер шашыңыздың ұзындығы жақсы болса, оның түп-түзу болып сусылдап тұрғаны керемет! Түзу шаш адам өңін ашатындығына да бәстескім келмейді. Алайда, бәрінің «Бірағы» болады емес пе?

Шаш түзулеу сәні бұрыннан салтанат құрып тұр деп айта салу тағы қиын. Ата-анамыздың үйдегі жас кезіндегі суреттеріне зер салыңыздар. Ері де, әйелі де бұйра шаш қойып алған ғой. Бұйра шаштарды «қинап тұрып» түзетіп алу сәні осы беріде шықты. Ізін баға шашты ұзақ уақытқа түзету ісін де қолға алып кетті сұлулық ісінің мамандары.

Қалайша шаш өзінің түзу қалпын ұзақ мерзімге сақтап тұрады? Шашты түзету үшін оған арнайы химиялық қоспа дайындайды. Нәзік жандылар арасынан «Шаш түзету зиян ба?» деген сұрақтар жиі қойылады. Айтпаса да, түсінікті! Өйткені кез келген химиялық қоспасы бар дүние белгілі бір дәрежеде шашқа өз зардабын тигізіп үлгереді.

Бірақ шаш жақында ғана химиялық бояумен боялса, жиі түсетін болса, не сынғыш келсе, әрі әлсіз болса, ұзақ мерзімге шаш түзету үшін тәуекел етпеуге тырысыңыз! Өйткені онсыз да жағдайы нашар шашыңыздың халін тым төмендетіп жіберуіңіз әбден мүмкін. Егер қатты қажеттілік туып бара жатса: маңызды отырыстарға немесе кездесулерге бара жатсаңыз, шашыңызға қарапайым шаш үтіктейтін электрлі құралдарды пайдаланғаныңыз жөн.

Арнайы мамандар шашыңыздың жұмсақ әрі тегіс қалпын 2-3 айға созып береді. Неге одан ұзаққа кетсе, шаш өзінің түзу қалпынан айни береді? Өйткені сол уақыт аралығында шаштың түбірінен қайта майда шаштар өседі. Шашыңыздың бүлінгенін қайта қалпына келтіру үшін оны тағы да түзетуіңізге тура келеді.

Ол үшін қанша қаражат шығын болады? Бұл шаштың қалыңдығы мен ұзындығына байланысты.

Кейбір сұлулық салондарында химиялық қоспалардың көмегімен шаш түзетіп болған соң, артынша шашқа түрлі пайдалы қоспаларды жағып тұруға ұсыныс береді. Бұл қоспалар шашты әрі жұмсақ, әрі тегіс етіп тұрады. Сонымен қатар, түзетілген шаштың бүлінбеуі үшін де арнайы күтім ережелері жоқ емес.

Шашты химиялық түзету арқылы күн сайын шаш түзейтін үтікпен әуре болатын уақытыңызды үнемдейсіз әрі өз стиліңізді аз болса да өзгерте аласыз. Түзетілген шаш бассейнге түскенде немесе жаңбыр астында қалып қойғанда бүліне бастайды. Сондықтан шаш күтіміне назар аударуда еріншектікке жолы жоқ!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: tatyanka.info, vk.com

А. Әбілхан