Тренд: Қызыл түс

Тренд: Қызыл түс
Фото: GetBg.net

Киім — адамның психологиялық және эмоциялық жай-күйі туралы қоршаған ортаға бірауыз сөзсіз хабар берудің бір тәсілі. Кім-кімнің де ұстанатын стилі оның ішкі жан дүниесінен хабар береді. Сондықтан, бұған бейжай қарамаңыз.

Біз әдеттегідей осы маусымның трендтері туралы сөз қозғағалы отырмыз. Бұл жолы әңгіме қызыл түс туралы болмақ. Себебі, аталған түстің түрлі реңдерінде тігілген киімдер сәнге айналып, онсыз да жарқ етіп көзге түскіш түс сән өндірісімен етене жақын қауымның назарын аударды.

Алқызыл, бордо және маджента түстер. Бұлар totallook (асты-үсті тұтас біртүсті) ретінде де, жай ғана қызыл түсті акцент ретінде де пайдаланыла бермек. Тренд түстегі киім қоршаған ортаның көңілін жауламай қоймайды. Қызыл көйлек киген аруды байқамай өту мүмкін емес. Сондықтан, бұл маусым – өзіне көп көңіл бөлінгенін қалайтындар маусымы.

Көктемде өткен сән апталықтарында Valentino, Oscar de la Renta, Vetements, Marc Jacobs және басқа да беделді сән үйлері алау түсінің түрлі реңдерін қамтыған маталардан тігілген киім үлгілерін ұсынды. 

Ақсүйектердің сүйікті түсіндегі киімдер тек өзін ханшайым сезінетін бикештерге ғана арналған деген ой қалыптасқан. Десе де, әлем жұлдыздары қызыл көйлектерден гөрі, қызыл спорттық киімдерге әлдеқайда әуес болып шықты. Сондықтан, қызыл тек той-думан, жиынға ғана емес, күнделікті өмірге де жарамды екенін ұмытпағайсыз. Тағы бір ескере кететін жайт, қызыл киіммен ешқандай акксессуар тағудың қажеті жоқ. Әйтпесе, карнавалға жиналған адамдай әсер қалдырасыз.

А. Оралқызы