Осы көктемнің тренді — dad hat

Осы көктемнің тренді — dad hat
Фото: www.vogue.com

Америкалық мәдениетте dad hat деген атаумен белгілі бас киім - кәдімгі өзіміз ұнатып киетін бейсболка. Нағыз сәнқұмарлар бұл бас киімнен топтама жинағанды жақсы көреді. Ондай адамдардың қорынан  New Era 59Fifty бейсбол жоғары лигасының классикалық бейболкаларымен қоса, Brown Bomber мен Brooklyn Excelsiors секілді сирек раритетті бас киімдер де табылады. Бірақ сәнді көрінемін деп осыншама қымбат әрі құнды дүниелерге жүгірудің қажеті жоқ. Бар болғаны бейсболканы тракер, велосипедка, хип-хоперлер киетін fitted hat секілді оған ұқсас бас киімдермен шатастырмасаңыз болғаны.

Ал, өзіндік ерекшелігіңізді көрсетемін десеңіз бейсболкаға арнайы жазу жазғызсаңыз да болады. Соңғы кездері белгілі сән үйлері осындай жарнама әдісін жиі қолданатынды шығарды. Тіпті, билбордтардан кем түспейді.

Күні кеше ғана аяқталған сән айлығындағы стритстайлер киімдерін сараптай отырсақ, олардың көпшілігі Balenciaga сән үйінің бейсболкасына әуес көрінеді. Сондай-ақ, Miu Miu мен Dior сән диктаторларының күзгі топтамада ұсынған сән бас киімдері де трендке ілесіп отыратын сәнқойлардың сүйікті бұйымына айналған.

Осы ақпан мен наурыз айларында өткен сән апталықтарынан dad hat тек подиумда ғана бой көрсетпей, әлдеқашан, қолданысқа еніп кеткенін байқадық. Сәнқой бикештерге «бейсбол лигасынан» қалып қоймаңыз дейміз.

А. Оралқызы