- Негізгі бет
- Сән
- Атақты дизайнер Маноло...
Атақты дизайнер Маноло Бланик аяқ киімнің сырын ашады
Испаниялық сән шебері шығармашылығының 45 жылдығына орай Ресей Мемлекеттік Эрмитаж мұражайы сәнді аяқ киім мен Кэрри Брэдшоу стилінің табынушыларына керемет жаңалық дайындап отыр. Алдағы көктемде мұражай Маноло Бланиктің атақты туфлилерінің ауқымды ретроспективасын ашады. Яғни, оның шығармашылығы кезеңдеріне шолу жасап, әрқайсысына тән туындыларды көрермен назарына ұсынбақ. Осыған орай, экспозицияға енетін 200-ден астам аяқ киім мен 30 шақты сызба 6 секцияға бөлініп орналастырылады.
Бірінші, «Гала», дизайнердің ең қымбат туындыларын көрсетеді, яғни, асыл тастармен көмкерілген көркем туфлилерді сүйсіне тамашалауға мүмкіндік туады. Олардың қатарында София Капполаның фильміне арнайы дайындалған Мария Антуанеттаның туфлиі де бар.
Көрменің «Жүрек» (Core) деп аталатын екінші бөлігінде Анна Пьяджи, Рианна, Сесил Битон, Брижит Бардо сынды Бланиктің музаларына арнайы дайындалған туындылары енеді. Әр аяқ киімнің қасында оның қалай тігілгені туралы дерек беріледі.
Манолоның шеберханасы мен оның шығармашылығындағы негізгі мата түрлері туралы ақпарат «Материалдар» секциясында ұсынылса, «Географиялық ықпал» бөлімінде Бланиктің саяхат жасаудан шабыт алуына орай туындаған аяқ киімдер көрсетіледі. Мысалы, оның Ресейдегі саяхаты нәтижесінде дайындалған Retiro етіктері осы секцияда бой көрсетеді.
«Табиғат» бөліміне мұражай кураторлары Маноло Бланиктің флора мен фаунаға деген ерекше көзқарасына сай тігілген аяқ киімдерді ұсынбақ. Оларда гүл, пальма, кактус, құлпынай, коралл, жартас пен теңіз толқындары айрықша бейнеленген. Соңғы секция өнер және архитектурадан алған әсермен тікелей байланысты. Яғни, олар – көркем сурет, әдебиет, кинематограф... Бланиктің кейбір туындыларынан Франсиско Гойя, Пикассо, Матисс, Ротко, Мондриана мен Колдер сынды таланттардың қолтаңбалары байқалады.
Көрме 28 сәуірде Эрмитажда ашылып 23 шілдеге дейін жалғасын табады.
А. Оралқызы