Қыс-2016-2017: угги

Қыс-2016-2017: угги
Фото: google.kz

Угги – қысқы аяқ киім. Кей адамдар оның аяқты тоңдырмайтынын айтса, енді бірі жүріс-тұрысты өзгертіп, стильді бұзады деген пікірді ұстанады. Бірақ, кім не десе де, угги биылғы жылы да сәннен қалатын емес. 

Мұндай аяқ киімді кию үшін, алдымен ойлану қажет. Қандай киімдермен үйлестіріп киемін, немен жарасады, немен жараспайды, қайда киген дұрыс, жұмысқа киіп барсам бола ма деген секілді маңызды сұрақтарға жауап берсеңіз, ойланбай алсаңыз болады. Уггиді қар жауған кезде киген тиімді. Ұзын қонышты етіктен қар кірмейді, әрине, қалың қар түскен жерге бармасаңыз болғаны. Жаяу қыдырып жүргенде де аяқты шаршатпайды. 

Классикалық уггиден басқа баулары бар, сәнді көбелектермен безендірілген, моншақты түрлері кездеседі. Бұл безендірулер уггидің биіктігіне байланысты. 

Джинс 

Кэжуал стиліндегі угги әдемілікке қарағанда ыңғайлылыққа жақын. Әсіресе, скинни үлгісінде джинспен киген жарасады. Балағын етектің қонышына салып киеді. Тар шалбар мен кең қонышты етік аяқты сымбатты көрсетеді. Скиннимен барлық ұзындықтағы уггилер жарасады.

Соңғы кезде джинсыдың балағын уггидің ұзындығына дейін қайырып кию де сәнге айналған. 

Тоқылған жемпір не кардиган, сыртқы қалың киім ретінде күрте (ұзындығы маңызды емес), аң терісінен тігілген желеттермен және қысқа тондармен сәні арта түседі. Бұл аталғандарды леггинстермен де киюге болады. Сонымен қатар, кең балақты джинстарды таңдауға болады. Уггидің қонышына шалбар балағын салған кезде, қыртысталып көрініп тұрмауы керек. Егер қыртысы сондай білінсе, балақты етіктің сыртына шығарған дұрыс. Ал егер угги сәнді моншақтармен безендірілген болса, әдемілікті жасырып қоюдың қажеті жоқ. 

Көйлек 

Уггиді көйлектермен, ұзын жейдемен, жемпірлермен киюге болады. Бастысы, ұзындықтарына мән беру керек. Тізеден түсіп тұратын жемпірмен ұзын угги мүлдем жараспайды. 

Көйлекпен угги киюден қорықпаңыз. Сәнді колготкалармен үйлестіріп кисеңіз болады. Колготка мен уггидің түсі бір реңктен болғаны дұрыс. Егер етігіңіз қоңыр болса, одан сәл ашық түсті колготка киген абзал. Бастысы, сыртқы киіммен бірдей болмаса болғаны. 

Г. Берік