- Негізгі бет
- Сән
- Броги аяқ киімін...
Броги аяқ киімін немен киеміз?
Броги — тесіктері бар классикалық бәтеңке. Мұндай аяқ киімдер әйел адамдар гардеробына ер адамдардан келді. Бұл сәнді аяқ киім түрін немен киеміз?
Броги аяқ киімі — қосымша бауы бар және міндетті түрде тесікпен безендірілетін жайпақ табанды клас сикалық туфли. Оның сыртқы келбеті оксфорд, лофер секілді болуы мүмкін. Бастысы, жанында тесіктері бар «қанатпен» безендірілсе болғаны. Броги аяқ киімін шотландиялық фермерлер ойлап тапқан деседі. Олар жаңбырлы күндері аяқ киім тез кебу үшін тесік салатын болған. Броги аяқ киімдері былғарыдан немесе күдеріден жасалады. Қазіргі кезде броги аяқ киімдерін қалың табанды және «кроссовкалық» табанды етіп те шығарып жатыр. Жаз мезгіліне арналған сәнді үлгілері — нәзік түсті, қос түсті және күміс пен алтын түсті броги аяқ киімдері.
Қысқартылған шалбар және броги
Балағын қайырып қойған скинни джинс шалбары немесе тобықтан сәл жоғары тұратын жіңішке шалбар броги аяқ киімдерімен жақсы үйлесім табады. Жалпы бұл аяқ киім түрін casual стиліндегі барлық киімдермен (жакет, жейде, джинс шалбар, классикалық шалбар) кие беруге болады. Броги кроссовкаға қарағанда салмақты әрі сәнді көрінеді. Ол классика мен casual үлгілерін біріктіріп, әдемі стиль қалыптастырады. Броги аяқ киімін шұлықсыз немесе түссіз шұлықпен киген жөн.
Қысқа көйлек және броги
Жазда броги аяқ киімі шағын трапеция көйлектермен жақсы үйлеседі. Киім үлгісін ұзын бауы бар кішкентай сөмкемен және лентасы бар қалпақпен толықтырыңыз. Мұндай киім үлгісін романтикалық кездесуге киюге болады. Бұл аяқ киімнің тағы бір артықшылығы — ыңғайлы болғандықтан, қанша жаяу жүрсеңіз де шаршамайсыз.
Миди белдемше және броги
Нәзік әрі сәнді киім үлгісін жасауға броги аяқ киімі мен миди белдемше көмектеседі. Күдеріден тігілген ашық түсті немесе гүлді принті бар миди белдемше таңдаңыз. Броги аяқ киімінің түсі нәзік (ақшыл көк, алқызыл, ақшыл сары) болғаны жақсы.
Комбинезон және броги
Комбинезон және қалың табанды брогиді үйлестіруге болады. Кешкі серуенге киюге ұтымды үлгі шығады.
Леггинсы және броги
Леггинсы кигенді ұнатсаңыз, оны ойланбастан броги аяқ киімімен үйлестіріңіз. Үстіңізге бос тұратын киім таңдаңыз.
А. Жапатова