Бітіру кеші: Әшекей таңдауда ескеретін ережелер

Бітіру кеші: Әшекей таңдауда ескеретін ережелер
Фото: ok.ru

Бойжеткендер үшін бітіру кеші — ұмытылмас әсер қалдыратын кештердің бірі. Сол кеште мінсіз көріну үшін сыртқы кейпіңізді алдын ала ойластырып, ұсақ-түйектің бәріне мән берген жөн. Киім таңдауда және оған сай әшекей алуда жан-жақты ойлану керек.

Зергерлік бұйымдар мен әшекейлер киім үлгіңіздің жанында басымдыққа ие болмасын, себебі олар кейпіңізді айқындап, толықтыруға арналған. Сәнді тенденцияны сақтай отырып, әшекей таңдаудағы негізгі ережелерді де ескеріңіз:

– Өте көп әшекей тақпаңыз. Үш затпен ғана шектелген дұрыс. Біреуі негізгі, қалғандары оның әдемілігін толықтыратын қосалқы болуы қажет;

– Әшекейдің дизайны көйлекке байланысты таңдалады. Егер таңдаған көйлегіңіз бір түсті болса, онда ашық әрі түрлі түсті әшекейлер жарайды. Егер көйлегіңіз қымбат тастармен безендірілген болса, қарапайым сырғалар мен білезіктер таңдаған жөн;

– Таңдаған әшекейіңіз (көп жағдайда, диадемалар мен алқалар) жасыңызды ұлғайтып көрсетпеуін қадағалаңыз;

– 2016 жылғы сән бойынша қымбат асыл тастардан жасалған әшекей тағудың қажеті жоқ. Уақытыңыз болса, арзан бағаға да стильді әрі ерекше әшекей табуға болады. Қазіргі уақытта қолдан жасалған бұйымдар аса жоғары бағаланады. Сондықтан өзіндік қасиетіңізді айқындайтын және ерекше көрінетін әшекейге алдын ала тапсырыс беріп қойсаңыз болады;

– Сәндік қосымшаны таңдауда ыңғайлы болуы керегін ұмытпаңыз. Бітру кеші бір сағатта өтіп кетпейді. Сондықтан өте көлемді сырғалардан және ұзын моншақтардан бас тартыңыз. Олар ыңғайсыздығымен қатар, белсенді қозғалыс кезінде түсіп қалуы немесе үзіліп қалуы әбден мүмкін. Кеш ойыңыздағыдай өтуі үшін, жоспарға сай болмаған ұсақ  мәселелерге бола көңіліңізді түсірмеңіз. 

2016 жылы қандай әшекейлер сәнде болатынын алдыңғы материалымыздан көре аласыздар. 

А. Жапатова