- Негізгі бет
- Сән
- Асыл тастар: Топаз...
Асыл тастар: Топаз
Ежелден бері адамзаттың табиғатпен және тастармен байланысы бар екені белгілі. Тасты дұрыс таңдай білсеңіз, кей аурулардың алдын алып, емделуге де болады. Асыл тастардың түрлері және олардың пайдасы туралы жеке тоқталуды жөн көрдік. Ендеше, бүгінгі материалда топаз тасының ерекшелігі мен адам денсаулығына пайдасы туралы білетін боламыз.
Топаздың түстері әртүрлі болып келеді: көк, ашық көк, жасыл, сарғылт және қызғылт. Түссіз де топаздар кездеседі. Химиялық құрамы бойынша топаз фторлы алюминий силикатынан тұрады.
Ежелгі кезде топаз құпияны әшкерелейтін тас деп санаған. Оның көмегімен басқаларға әсер етіп, өзіне адам бағындырып, сырларды ашуға болатын еді. Сондықтан да ол "психологтар тасы", "сарай тасы" атағын алған. Аюрведа (ұзақ өмір сүру туралы ежелгі ғылым) топазды энергетикалық қуат беретін, құмарлықты бағындыратын және қорқынышты азайтатын бағалы тас санаған. Бұл тастың иелеріне оны оң жақ қолдың сұқ саусағына тағуға кеңес беріледі. Оны алтын сақина немесе алқа ретінде таққан жөн. Топазды сұлулықта да жоғары бағалайды. Оның емдік қасиеттері де бар.
Ежелде алтын топаз сәбилі бола алмай жүрген әйелдерге көмектеседі деп санаған. Топаз әлсіздерге күш, әйелдерге сұлулық сыйлап, өмірге деген оптимистік көңіл-күйді сақтайды.
"Топаз" сөзі латынның "topazus" сөзінен аударғанда жылу немесе от деген мағынаны білдіреді. Бұл тастың бразилиялық рубин, ауыр салмақты, империал секілді басқа да атаулары бар.
Емдік қасиеті
Топаздың емдік қасиеті ежелден бері белгілі. Емшілер бұл тасты улану кезінде қолданған. Көптеген мемлекетте топаздың көмегімен көз ауруларын емдейтін болған. Топаз жүйке жүйесі ауруларынан емдеп, түс көруді жақсартып, ұйқысыздықтан арылтады. Литотерапевтердің айтуынша, топаз бауыр ауруларын, өт қабы мен көкбауырды емдейдейтін жақсы құрал екен.
Сиқырлы қасиеті
Топаздың сиқырлы қасиеті де бұрыннан бері белгілі. Шығыс мемлекеттерінде алтын тас рухани даму нышаны саналған. Үндістанда қызғылт топазды үзілген үмітті қайтаратын құрал санаған. Көптеген мемлекетте топаздан жындар, қара сиқыр, көз өтуден қорғайтын тұмарлар жасайтын болған. Топаз — достық, қуаныш пен рухани тазалық тасы. Топаз тасын шаян жұлдызында дүниеге келген адамдарға тағу ұсынылады.
А. Жапатова