Сәнге қайтадан оралған бұйымдар

Сәнге қайтадан оралған бұйымдар
Фото: fotokto.ru

Жылдар өткен сайын сән кезекті айналымын жасайды. Барлығы ұмытқан киімдер, алдымен подиумдарды жаулап, содан соң сәнқой қыздардың да гардеробынан орын алады. Бүгінгі материалда сәнді трендке кенеттен оралған 10 бұйымды ұсынамыз.

Барқыт резеңке

Мұндай резеңкелер 90-жылдары кеңінен танылды. Сәнқой қыздар оның көмегімен "пальма" шаш үлгісін жасап, кейде бірден бірнеше резеңкені де тағатын. Қазір бірнешеуін қолданбай-ақ, біреуін қолданғанның өзі жеткілікті. Барқыт резеңкенің өлшемі үлкен әрі безендірілген түрін таңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай жылтырсыз қарапайым барқыт резеңке болғаны жақсы. 

Чокер

90-жылдары барқыт резеңкеден басқа, түрлі чокерлер де сәнде болды. Қарапайым барқыт ленталардан бастап күрделі безендірілген түрлері қолданылатын. Бүгін де чокерлер сән әлемін жаулап алды. Егер сауда орталықтарынан ойыңыздан шығатын чокер таба алмасаңыз, тігін бұйымдарын сататын дүкенге барыңыз. Түрлі үлгі жасау үшін кез келген лента мен бау (барқыт, атлас, былғары) сатып алып, қалаған чокеріңізді жасап алыңыз. 

Қыстырғыштар

2000-жылдары шашқа арналған түрлі түсті қыстырғыштар сәнқой қыздардың арасында танымал болды. Алайда олар бірден жоғалып кетті. Биыл қыстырғыштар әлемдік сән көрсетілімінде орын алды. 

Кең балақты қысқа джинс шалбар

Маусымның must have кілті — тобықты ашып тұратын қысқартылған кең балақты джинс шалбарлар. Әрине, бұл шалбар үлгісін де кеше ойлап тапқан жоқ. Мұндай шалбарлар жиырма жыл бұрын сәнде болған. Бүгін де бұл шалбарды кез келген дүкендерден таба аласыздар.

Жапсырмалар

Бұрын жоғарғы сыныптағы мектеп оқушылары күртелерін, рюкзактарын және джинс шалбарларын түрлі-түрлі жапсырмалармен қаптап қоятын болған. Енді осы жапсырмалар қайтадан сәнге оралды. Бірақ жапсырмалар мектеп оқушылары арасында емес, ересектерге арнап шығарылды. Ескі сән джинс шалбарларға, джинс күртелерге және былғары күртелерге оралды. 

Берет

Берет — оңай үйлестіріп киілетін бас киім емес. Дұрыс үйлестірмеген жағдайда, ол сізді жасыңыздан үлкен көрсетуі мүмкін. Қазіргі ауа-райында беретті жеңіл нәзік көйлектердің сыртынан былғары күрте киіп, сәйкестендіруге болады. 

"Титаник" бейнеленген киімдер

Балалық кезін 90-жылдарда өткізген кез келген ұлдар мен қыздардың арманы "Титаник" бейнеленген футболкалар мен жейделер алу болған. Фильмнің шыққанына 20-жылдай уақыт өтсе де, бұл тренд қайтадан сәнге оралды. Бұл трендтің қайта оралуына "кінәлі" — Vetements париждік брендін басқаратын дизайнер Демна Гвасалия. 

Мюли аяқ киімі

Мюли аяқ киімі сәнге былтырғы жылы қайтып келген болатын. Алайда, сән әлемінде өз орнын нық сақтап тұр. 2000-жылдары мұндай аяқ киімді барлығы дерлік киетін болған. 

Джинс күртесі

90-жылдардағы жасөспірімдердің тағы бір кеңінен тараған киімдердің бірі — джинс күртесі. Бірақ ол кезде түрлі көлемді жылтырлары бар джинс күртесін темірлері бар бас киімдермен (кепка) үйлестіріп киетін болған. Қазір сәнде қарапайым және кең тұратын джинс күртелері.

Басы үшкір аяқ киімдер

Басы үшкір аяқ киімдер де сәнге қайтып оралды. Бірақ аяқ киімдердің басы 90-жылдардағыдай қатты ұзын үшкір болмайды. Басы үшкір аяқ киімдер аяқты ұзартып көрсететінін ұмытпаңыздар. 

А. Жапатова