- Негізгі бет
- Сән
- Кроссовка мен көйлек...
Кроссовка мен көйлек үйлесім табады
Күн жылынып, кешкі серуеннің дәурені басталды. Серуен демекші, бұл жазбамыз жаяу жүруге ыңғайлы аяқ киім іздеген оқырмандарымызға арналады. Кроссовка немесе кедылар адамға жайлылық тудырады, жүргенге де ыңғайлы. Кеды киіп, шалбардан қашатын аруларға мынадай кеңестер ұсынамыз.
1. Спорттық аяқ киіммен көйлек не белдемше кимегеніңіз абзал. Бұл ескерту аласа бойыл аруларға бағытталған. Өйткені, бұл үлгі бойды қысқа етіп көрсетеді. Ұзын белдемше мен кроссовка – бойы ұзын, арық қыздарға арналған. Аласа бойлы арулар кеды мен кроссовканы көйлекпен кисе, жасөспірімдерге ұқсайтын болады.
2. Жаттығуға арналған кроссовканы көйлекпен кию – әбестік. Серуенге арналған, детальдары аз, сүйкімдірек келген кеды таңдаған дұрыс. Классикалық үлгідегі кедылар кең етекті белдемшелермен үйлесім табады.
3. Көйлек таңдай біліңіз. Мерекелік кештерге арналған көйлек пен кеды мүлдем жараспайды. Түрлі түсті белдемшемен бір түсті кеды үйлеседі. Ал бір түсті белдемшемен суреттері бар кеды жарасым табады. Көйлектің матасы жұқа болса, кеды да соншалық жеңіл болу қажет. Кроссовка мен тоқылған жеңіл көйлек – көктемгі ауа райына, жазғы кешке таптырмас үлгі. Егер көйлек жолақты болса, кроссовканы спорттық үлгіде таңдаған дұрыс.
4. Суретті кроссовкалар қара не сұр түсті киімдермен үйлеседі. Ал нәзік көрінетін кедылар көбіне фатинді белдемшелермен үйлесім табады. Кроссовка мен кедыды тек спорт залда не фитнесте ғана кию керек деген заңдылық қазір жойылған. Мұндай үлгімен қызыл кілемге не сахнаға шығу әбестік деп саналған емес.
Тіпті той көйлегін кроссовкамен киетіндер де табылады. Бұл үлгі өздеріне бек сенімді қыздарға арналған болса керек.
Г. Берік