- Негізгі бет
- Сән
- Інжу тас ұлудың...
Інжу тас ұлудың бақалшағында пайда болады
Тілсіз табиғаттың шеберлігін айтпаңыз! Бұл жолы сұлулардың сән-салтанатына айналған інжу тастың пайда болуы туралы әңгімелейміз.
Інжу (меруерт деп те жатады) ұлудың ағзасында дүниеге келеді. Ұлудың (моллюскі) бұлшықеті өте әлсіз болғандықтан, ол ішіне келіп түскен кез келген затты өздігінен сыртқа шығарып тастай алмайды. Сондықтан ұлудың ағзасы бөтен затты сыртынан орап қояды. Ұлудың бұл түрі ұзақ өмір сүретіндіктен, бөтен затты өзіне зияны тимейтіндей әрі әдемі етіп қаптайды. Кеудесінде жаны бар тіршілік иесінен пайда болатын тамаша тасты табиғаттың тағы бір ғаламаты деуге болады.
Адамның да ағзасы сондай. Егер адамның ішіне кішкентай тікен не сынық зат түссе, оны ағза сыртынан орап тастайды екен.
Бұрын інжу тасты табу үшін адамдар теңіздің түбіне сүңгитін. Бағалы бұйымды патшайымдар ұнатып таққан. Он тоғызыншы ғасырдың аяғына қарай, жапон ғалымы Кокити Микемото інжу тасты үйден өсіру технологиясын ойлап тапты. Ол да ұлудың көмегімен жүзеге асады. Бақалшақты ортасынан ашып тұрып, ішіне моншақ не бисерді салады. Сосын бақалшақты ұлудың өмір сүруін қамтамасыз ететін арнайы су қоймасына тастайды. Бір түйір теңіз інжуін өсіру үшін 3 жыл қажет. Әшекей дүкендерінде сатылатын інжу тастың 90%-ы осылай пайда болады.
Бақалшағы бар ұлудың бәрі інжу тас өсірмейді. Өйткені бөтен зат кез келген ұлудың ағзасына түсе бермейді. Бір түйір табиғи інжуді табу мақсатында асыл тас іздеушілер мыңдаған ұлуды өлтіріп те жатады.
Інжу тастың ғұмыры – шамамен 150 жыл. Одан кейін жүзі өңіп, қарая бастайды.
Табиғи інжу мен жасанды інжуді салмағына қарай ажыратады. Табиғи інжудің ішінде ұлудың ағзасына түскен бөтен зат болғандықтан, ол ауыр келеді. Сосын табиғи інжу отқа жанбайды.
М. Оңғарова