Жазғы сән: жеңсіз киім

Жазғы сән: жеңсіз киім
Фото: fashiony.ru

2015 жылдың трендіне ұзын, кең етек белдемшелермен қатар, жеңсіздер де кірді. Әртүрлі ұзындық, түс, материалдан жасалған үлгілері кез келген аруға ұнары сөзсіз.

Дизайнерлер халықтың көңілінен шығу үшін жеңсіздің сәнді түрлерін жобалап, ұсынды. 

1. Сәнді түстегі жеңсіздер

Биыл сары, көк түстері сәнде деп есептеледі. Ал соңғы 5 жылдықта сәндер үйлесімінің "қатаң заңы" өзгергендіктен, бұл түстерді бірнеше реңкпен үйлестіріп, киюге болады. Бұрынғыдай "сары мен сары, көк пен көк" деген қағида жоқ болғандықтан, сары түсті жеңсізді шабдалы түсті көйлек және таңқурай түсті туфлимен үйлестіруіңізге болады. Немесе екінші үлгідегідей жасыл түсті көкпен үйлестіріп, кисеңіз, сәнді арудың бірі боларыңыз сөзсіз.

Ақ түс - дизайнерлердің сүйікті түсі деп атауға болады. Кез келген пішіндегі, түстегі киіммен үйлесе кететін ақ түстің маусым сәніне айналмауы екі талай. Сол себепті ақ түсті шалбар, көйлекті бірнеше жыл қатарынан киюіңізге болады.

Ақ жеңсізді ашық түсті (қызғылт, сарғылт, лимон, көгілдір, т.б.) көйлек не шалбармен киюіңізге болады.

2. Еркін образ

Бұл суретте біз былғарыдан жасалған жеңіл жеңсіздерді көріп тұрмыз. Жаздың бастапқы айында, әлі салқындау кезде былғары жакет, жеңсіз киюге болады. Кешкі кездесу, серуенге, киноға осындай образбен баруыңызға болады. Алғашқы образ батылдау, еркіндікті жаны сүйетін аруларға арналған болса, екінші образ нәзік, биязы, ашық түстерге құмар қыздарға жарасымды.

Бойыңызды ұзын етіп көрсеткіңіз келсе, белі жоғары тұратын джинс шалбарын сатып алыңыз. Ол әрі сәнді, әрі ыңғайлы. Бірінші образ киімі денемен дене болып тұрса, екіншісі бостау келеді. Екінші образдағы бойфренд жейдесін skinny джинс шалбарымен не миди белдемшесімен үйлестіруіңізге болады.

3. Smart образы

Биылғы трендті көк түсі бұл образды сәнді етсе, биркеншток сүйретпесі ерекшелейді. Смарт кэжуал стиліндегі образ офис, университет, кездесуге лайықты деп саналады. 

Бұл образ ресми кездесуге, офиске арналған. Сән индустриясында жұмыс істейтін аруларға бірінші үлгідегі образ жарасса, басқа салада қызмет атқаратын қыз-келіншектер жеңсізді шалбармен үйлестіре алады. Бойшаң арулар жеңсізді өкшесіз аяқ киіммен кие берсе, бойы қысқалау қыздарымызға туфлимен киген жарасады.

Жаздың басты трендтерін ескере отырып, сәнді образ қалыптастыруыңызға көмегіміз тиеді деген үміттеміз, іске сәт!

Ф. Абилова