Жазғы сән: Теңіз стилі

Жазғы сән: Теңіз стилі
Фото: mayyeung.com

Жаз келіп, күн әбден жылынып, Абай атамыздың өлеңдеріндегідей айналаңыз мәре-сәре болып жатқан кезде, жаныңыз да жадырай түседі. Себебі бір жыл бойы күткен еңбек демалысына шығасыз. Әрине демалысты ойлағанда бірден көзіңізге жағажай елестейтіні сөзсіз.

Демалыс кезінде жарқын кейіпке еніп, теңіз стилімен киіне аласыз.

Бұл қандай стиль? Қалай пайда болды?

Теңіз стилінің шығу тарихы ағылшындармен байланысты. Өткен ғасырда ағылшын теңізшілері шартарапқа саяхат жасап, үлкен олжалармен, жаңалықтармен отанына оралып, өз елінің мақтанышына айналып жатты. Теңізшілер жайлы газеттер жарыса жазып, ал жұртшылық олардың еңбектерін, тіпті киген киімдерін де қызу талқылаумен болды. Сәнге жақын адамдар теңізшілерге еліктеп киінді.

Киімдегі ыңғайлылықты жаны қалайтын әйгілі кутюр Коко Шанель осы стильді ресми түрде сәнге кіргізгендердің бірі. 

Аталмыш стильдегі киімдердің түстері негізінен қанық көк, қызыл және ақ түсті болу керек. Онда да көк пен ақ басымырақ болады. Мысалы, көк не ақ түсте жакет, шалбар немесе көйлек, ал қызыл түсте аксессуарлар (білезік, белдік, туфли, сырға, т.б.) жарасымды көрінеді. Есесіне жұқа қызыл көйлекті жазғы демалыс кезіндегі мерекелерге, қонаққа барғанда көк, ақ аксессуарлармен теңіз стилінде кие аласыз.

Теңіз стилінің тағы бір белгісі киімдердің жолақ болуы. Әрине бұндай жолақ барлық пішіндегі жандарға жараса бермейді. Мұндай жағдайда көлденең жолақтың орнына тік жолақты киімдерді таңдай аласыз.

Жұмысқа теңіз стилімен бару үшін ақ шалбарды көк блузамен үйлестіріп, аяғыңызға көк балетка не көк танкетканы таңдаңыз. Қолыңызға ақ, көк, қызыл түстер араластырылып жасалған білезік не бір ғана сағат тақсаңыз, жеткілікті.

Тағы бір нұсқа гофри белдемшені блузамен және слипермен түстерін өз қалауыңызша үйлестіріп, қолыңызға қызыл сөмке ұстай аласыз.

Күнделікті серуен үшін «крестьянка» стиліндегі ақ көйлек, аяғыңызға қызыл балетка киіп, мойныңызға теңіз стиліндегі түстерді араластырып жасалған моншақ тағып, жұрттың назарын өзіңізге аударта аласыз. Көшеде күннен қорғану үшін әрі образды толықтыру мақсатында қара көзілдірік пен теңізшілердің бас киімі  күнқағары кең ақ фуражканы кигеніңіз жөн.

Ф. Абилова