Жазғы сән: Тартаннан тігілген киімдер

Жазғы сән: Тартаннан тігілген киімдер
Фото: blogspot.com

Тартан - ірі торкөзді мата. Сәнге Шотландия елінен келді. Бұл өрнек шотландықтардың килт атты киімі үшін пайдаланылған. Жергілікті елдің тілінде килт сөзі "денені айқара орау" дегенді білдіреді.

Шотландықтар килтпен бірге ұсақ-түйек заттар салатын спорран сөмкесін қосып ұстаған. Килттің екі түрі бар: үлкен килт денеге орап жабылса, кіші килт белдемше түрінде болады. Бүгінгі таңда килт іскерлік не той киімі ретінде сирек пайдаланылады.

Тартан матасы әдемі болғандықтан, дизайнерлер оны киімдер мен аксессуар жасауға пайдаланып жүр. Тартан матасы басында тек қалың, тығыз болғанымен, қазір оның мақта, жібек, тіпті шифон түрі де кездеседі.

2015 жылдың трендінде болғандықтан, қыз-келіншектер оны must have-қа енгізе алады. Себебі оның ірі торкөздерін әркім өз дене бітіміне орайластырып, қолдана алады.

Жалпы суреті немесе принті үлкен киімдердің көбіне ірі денелі адамға жараспай жататыны рас. Дегенмен тартанды шебер үйлестіруге болады. Мысалы, "алма" пішінді адамның денесінің жоғары жағы ірі, екінші бөлігі жіңішке болып келеді. Осыны бүркемелеу үшін жазда блуза не жейде киіп, төменгі жағына тартаннан тігілген қарындаш белдемше кигеніңіз жөн. Сол кезде дененің асты мен үсті теңеседі.

Ал "құмсағат", "алмұрт", "банан" пішінділерге тартаннан тігілген белдемшелер ғана емес, әртүрлі пішімдегі көйлектер мен шалбарлар да жарасады.

Кейбіреулер тартанды күнделікті casual стиліндегі киімдерге арналған деп ойлайды. Бұл қате пікір. Себебі тартанға желбіршектер салып, тігіп, романтикалық образ, ал ақ жаға, жең салып, іскерлік стиль жасауға болады. Бәрі сіздің талғамыңыз бен қиялыңызға байланысты. Сайтымызда бұрын сөз болған оби белдігін тартан көйлек, белдемшелерге таға аласыз.

Тартан шалбарды кіршіксіз ақ матадан тігілген жейдемен жұмыс орнына киюге болады. Есте ұстайтын бір жайт тартанды тек біртегіс киіммен үйлестіре аласыз.

Егер тартаннан романтикалық образдағы ұзын етек көйлек тіктірсеңіз, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігіңізбен кеш Ханшайымы боларыңыз сөзсіз.

Ұқсас жазбалар:

Жазғы сән: Оби белдігі

Жазғы сән: Нағыз арулар бұйымы – чокер

Ф. Абилова