- Негізгі бет
- Сән
- Сән әліппесі: Нормкор...
Сән әліппесі: Нормкор стилі
Өмірде ешкімге ұқсағысы келмейтін, біреудің айтқанымен жүріп, айдағанына көнбейтін адамдар болады. Олар бала күнінде оқушы формасын киюден бас тартады. Ержеткеннен кейін мұндай адамдар трендпен санаспай, өздері қалағандарын киеді. Осылайша гранж стилі дүниеге келген болатын. Кейінірек гранж стилінің идеясының жаңғырығы іспетті антисән нормкор стилі пайда болды.
Алайда бұл стиль гранжға қарағанда «мәдениеттірек»: ондағыдай дұрыс үтіктелмеген не фланельден тігілген киімдер жоқ. Керісінше кейбір элементтер преппи (свитшот, гольф), маскюлэн (пиджак, жейде), милитари (погон) және спорттық (кеда, сникерс, худи, ақ шұлық) стильдерден алынған.
«Нормкор» сөзі ағылшын тілінен алынған, норм «қалыпты», кор «негіз» деген мағынаны білдіреді. Бұл стильді көбінесе ғылымға берілген, өзіне ыңғайлы түрде киініп алып, диссертациялар мен ғылыми жобалардан сағаттап, бас көтермей айналысатындар қолдайды. Себебі олар киінуге, әсемденуге өздерінің алтын уақыттарын қимайды. Жарқырап көзге түскенді де қаламайды. Олар дараланудың түбі жалғыздыққа алып келеді деп түсінеді.
Нормкордағы басты мақсат жайлылық, ыңғайлылық. Сондықтан осы стильдің киімдері жүн, твид, кашемир, сукно, деним, мақта сияқты табиғи маталардан тігіледі. Әдетте хаки, сарғыш, қоңыр, қара, көк, күнгірт жасыл сияқты көзге бірден шалына қоймайтын, кір көтеретін түстер таңдалады.
Нормкор стилінің кеңінен таралуына америкалық кәсіпкер Стивен Пол Джобстың әсері мол болды. Жұрттың ішкен асын жерге қойғызып, таңғалдырған Apple корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Стив Джобсқа еліктеушілер оның мүмкіндігі мол техникаларын ғана емес, киіну стилін де таратты.
Нормкор стилін сәңқойлар қолдана ала ма?
Әрине, ол туралы келесі мақаламызда сөз етеміз.
Сурет: blogspot.com
Ұқсас жазба:
Көктемгі сән: Мессенджер сөмкесі
Ф. Абилова