Бойжеткенге арналған кеңестер

Бойжеткенге арналған кеңестер

Киім кие білу тақырыбы туралы сөз қозғаудың өзі артық секілді көрінгенмен оның да өз қағидалары бар. Дұрыс киіне білу – соңғы трендтегі шүберектерді жиып, теру емес.

1-кеңес. Өзіңізге қандай түстегі киімдер келетінін білу. Гардеробыңыздың негізін құрайтын базалық киімдерді таңдағанда осы қағидаға сүйенесіз, яғни бет-ажарыңызды қуқылдандырмай, керісінше ашатын түстердегі киімді аласыз. Бұл туралы кейін де тереңірек әңгімелейтін боламыз.

2-кеңес. Өз денеңіздің қандай типке (алма, алмұрт, т.б.) жататынын анықтаңыз. Себебі киім сіздің денеңіздің сымбатты жерлерін айқындап, кемшіліктерін бүркемелейтін пішіндегі көйлек, кофта, белдемше, пальто, шалбар, аяқ киімдерді алғаныңыз жөн. Ол үшін дүкенге барғанда асықпай айнаға киіп, өзіңізге сын көзбен қарайсыз. Мысалы, алма типіндегі бикешке белі қыналған киімдер жараспайды. Егер мұндай әйел затының бойы ұзын болса, онда көкіректің астынан бүрілген көйлек жараса кетуі әбден мүмкін. Өкінішке орай, дүкендегі сатушылардың бәрі бірдей кеңесші-стилистің қызметін атқара алмайды. Сол себепті олардың «сізге қатты жарасып тұр» деген сөзіне құлақ асуды өз еншіңізге қалдырдық.

Кейбір толықша келген бикештер арық көріну мақсатында жұмсақ трикотажды денемен дене етіп киініп алады, бұл эстетикалық жағынан өте көріксіз.

3-кеңес. Қаржыңызды шашудан аулақ болыңыз. Алайда синтетикалық жасанды матадан тігілген киімдер соңғы сәнде болса да, оларға ақша шығындаудың қажеті жоқ. Жаңадан алатын киімдеріңіз бұрынғы базалық киімдеріңізге үйлесе ме? Осы жағын да ойластырыңыз.

4-кеңес. Табиғи матадан тігілген киімдерді алу қажет. Қазіргі кезде матаның түрі көп. Аздап синтетика қосылған табиғи матадан тігілген киім – ең тиімдісі. Кейбір маталарды жууға болмайды, тек химиялық жолмен тазартылады. Мұны да алдын ала ескеру керек. Себебі қайта-қайта тазартуға өткізу үшін де қомақты қаржы жұмсауға тура келеді.

5-кеңес. Трендке және уақытқа лайық киіну. Кейде бикештеріміз апаларының сандықта жатқан киімдерін фасоны сәнге оралып жатыр деп, киіп алады. Дегенмен, матасы оның ескі екенін (кремплин, джерси, трикотин) білдіріп қояды.

Әрбір шараға лайық киіне білу де басты қағидалардың бірі. Мысалы, офиске дресс код, театрға кешкі көйлек, достармен кездесуге кэжуал стилі, коньки тебуге спорттық костюм киген үйлесімді. Сондықтан биік өкшелі аяқ киімдер де, сникерс, кроссовкалар да әрбір бикеште болғаны дұрыс.

6-кеңес. Әлбетте сөмке, аяқ киім, қолғап, көзілдірік, белдік сияқты акссесуарлар белгілі бір қомақты сома шығаруды талап етеді. Себебі сәнді киіміңіз арзанқол аксессуардың көлеңкесінде көрінбей қалуы мүмкін.

Автор: Фариза Әбілова

Cурет: abcnews.go.com

Оқи отырыңыз:

Секонд хэнд туралы не білесіз?

Таңдаған киіміңіз сіз туралы ақпарат бере ме?

Ақшаны үнемдей отырып қалай әдемі киінуге болады?

Ф. Абилова