"Қазақстан Аруы" байқауына қатысу қанша тұрады?

"Қазақстан Аруы" байқауына қатысу қанша тұрады?

Әлемдегі көп байқауға қарағанда жыл сайын ұлттық "Қазақстан Аруы" сұлулық байқауына қатысу – бүкіл Қазақстан арулары үшін тегін. Байқаудың финалына екі апта қалғанда республиканың әр қаласының сұлулары Алматыға жиналады. Ұйымдастырушылар олардың Оңтүстік астанаға келуіне, атап айтқанда, жүріп-тұруына, тамағына және басқа да шығындарына ақы төлейді. Финалға дейін үлкен дайындық жүреді, кәсіби визажистер, шаштараздар, фотосуретшілер мен дефиле және би шеберлері сұлулармен жұмыс істейді.

Қатысушылар кәсіби фото және бейне портфолио, іс-шара демеушілерінен жүлде алады, осының бәрі тегін. Ал жеңімпаз Қазақстанды "Әлем Аруы" және "Дүниежүзі Аруы" сияқты әлемдік сұлулық байқауларында танытады. Әлемдік байқауға қатысуға қажетті шығынның бәрін (лицензия, жол жүру, күнделікті гардероб, кешкі және ұлттық көйлек, қайырымдылық бәссаудасына арналған кәдесый т.б.) "Мисс Қазақстан" дирекциясы өз мойнына алады. 

"Қазақстан Аруы" байқауының тарихында оны өткізу ережесі 2014 жылы алғаш рет өзгерді. Бұдан былай кез келген өңірден шыққан әрбір ару байқаудың "Мисс Қазақстан" деген ресми сайтына өтінім бере алады. Тіркелген соң бірнеше күннің ішінде көрсетілген электрондық мекенжайға кастингке шақыру келеді. 1-30 қазан аралығында бүкіл Қазақстан бойынша өңірлік кастинг болады. Әр қаладағы іріктеуді өткізу күні мен уақыты туралы барлық ақпаратты ресми сайттан ала аласыз. 5 - 14 қараша аралығында онлайн дауыс беру болады, соның нәтижесі бойынша бес ару "Қазақстан Аруының" финалына өтеді.

Сондай-ақ басты жаңалықтардың бірі – еліміздің алғашқы аруын таңдау болмақ. Он жеті жыл бойы елімізді танытатын лайықты аруларды таңдау тек әділ-қазыларға ғана байланысты болып келді, ал енді ұйымдастырушылар «Мисс Қазақстанды» таңдау құзіретін толықтай халықтың еншісіне берді. Құрамында Марат Оралғазин, Әли Оқапов, Луина, Салтанат Бекжігітова және Илья Ильин бар байқаудың әділ-қазылары финал барысында қатысушылардың үздік үштігін таңдайды. Әрі қарай тікелей эфирде халықтың онлайн және sms-дауыс беруі басталады. Шешуші сөз – халықтың еншісінде. Әділ-қазылардың дауыс беру хаттамалары, онлайн және sms-дауыс беру хаттамалары 29 қарашада байқаудың ресми сайтында “Мисс Қазақстанды” таңдаудың әділдігі үшін ашық түрде жарияланады. Бұл сұлба жыл сайын қайталанады және қалаған адамның бәрі дауыс берудің барлық кезеңін көре алады. 

Сонымен қатар, "Мисс Қазақстан" байқауының тарихында алғаш рет жеңімпазға тәж, іс-шара демеушілері ұсынған жүлде және халықаралық сұлулық байқауына берілетін жолдамадан басқа бір миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде берілетінін де айта өтейік.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: ©misskazakhstan.kz

Басты көрнекі сурет: ©tengrinews.kz

М. Оңғарова